Татарстан Ақтөбе облысының ет кластерін дамытудағы тәжірибесін үйренуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Татарстан Ақтөбе облысының ет кластерін дамытудағы тәжірибесін үйренуде

21.09.2018

Қазаннан арнайы келген меймандарды әсіресе, ангус, герефорд секілді шетелден әкелінген сиыр тұқымының Ақтөбеге қалай жерсінгені ерекше қызықтырады. 

Алға ауданында орналасқан «Актеп» компаниясы қазір 350-ге жуық шаруа қожалығымен бірлесіп жұмыс істеуде. Ел нарығын етпен қамтамасыз етіп отырған шаруашылық Ресейден бөлек, алдағы уақытта Өзбекстанға 5000 бас ірі қара мен ет экспорттауды жоспарлап отыр. Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын кәсіпорынның 11 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы мен жылдық қуаты 7200 тоннадан асатын ет өңдеу кешені бар.

Қайрат Мусин, Алға аудандық ауыл шарушылығы бөлімінің басшысы:

- «Актеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 349 якорлық шаруашылық жұмыс істейді. Мысалы, «Актеп» біріншіден, көктем мезгілінде төл алу үшін оларға арендаға бұқашықтар, мал тұқымын асылдандыру үшін таратады. Күзгі мезгілде қайтарып береді. Одан бөлек, «Актеп» бұларға шөп шабу науқанында үлкен көмек көрсетеді.

Татарстаннан келген делегацияның да дәл осы шаруашылыққа ат басын бұруы тегін емес. Олар шаруашылықтың етті мал өсірудегі озық тәжірибесін игеріп, алдағы уақытта өз елдерінде қолдануды көздейді. Көрші елдің ауыл шаруашылығы саласы өкілдерін шет елдік сиырларды жерсіндіру мен жергілікті тұқымды асылдандыру ісі ерекше қызықтырған.

Марат Ахметов, Татарстан Республикасы ауыл шаруышылығы министрі:

- Мәскеуде бізге Қазақстандағы, оның ішінде Ақтөбедегі ет кластерін құрудағы бірегей тәжірибе жөнінде айтқан болатын. Серіктестеріміздің кеңесімен біз осында келіп отырмыз. Ақтөбе ет кластерінің жай бизнес жоба ғана емес, салмақты әлеуметтік жоба екенін айта аламын. Бұл жоба бізге өте қызықты. Енді біз дәл сондай жобаларды Татарстанда да тәжірибеге енгізуге тырысамыз.

Татарстан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша Ресей Федерациясында 3-ші орында тұр. Сондықтан, ақтөбелік мамандар үшін де ынтымақтастықты арттырудың пайдасы зор.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу