Мемлекеттік органдардың бірыңғай сайты құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік органдардың бірыңғай сайты құрылады

20.09.2018

Барлық мемлекеттік органдардың бірыңғай сайты құрылады. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында мәлімдеді. Мұндай кешенді шараны министрлік халықты мейлінше толық ақпаратпен қамту үшін қолға алып отыр. Жоба Ұлыбританияның тәжірибесінен алынған. Мұның арқасында «бір терезе» қағидаты бойынша қазақстандықтар қажетті мәліметті бір-ақ ресурстан ала алады. Яғни, енді мемлекеттік қызметке қатысты кез келген ақпаратты іздеген уақытта түрлі сайттарға кірудің қажеті болмайды. Сондай-ақ, бұл қадам ақпараттық ресурстарды әзірлеуге бөлінетін мемлекет қаржысын 2 есеге үнемдейді. Дәурен Абаевтың айтуынша, жоба 2020 жылы жүзеге асуы тиіс. Халық пен биліктің байланысын арттыру үшін әлеуметтік желілер де тиімді пайдаланылмақ. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі арнайы жадынама әзірлеп, әр мемлекеттік орган басшысының әлеуметтік желіде парақшасы болуын міндеттемек. Дәурен Абаев комиссия мүшелеріне «Ашық Үкімет» порталдарының жұмысы бойынша да баяндап берді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Мемлекеттік органдар мен қоғам арасын байланыстыратын алаң болған «Ашық диалог» порталы кез келген азаматтың мемлекеттік органдардың жетекшілеріне тікелей сауал жолдауға мүмкіндік береді. Портал ашылғалы бері 230 мың өтініш түсіп, мемлекеттік органдар 426 интернет-конференция мен 215 сауалнама жүргізген. Алайда, кейбір мемлекеттік органдардың халықпен кері байланыс орнатуда бұл тәсілдерді қолданбайтыны анықталды. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері, Астана, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімдіктері портал құрылғалы бері халық арасында бірде-бір сауалнама жүргізбеген.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу