Алматыдағы нысандар жер сілкінісіне дайын ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы нысандар жер сілкінісіне дайын ба?

18.09.2018

Әлемнің кез келген нүктесінде 8-9 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін. Сондықтан, оған қашанда дайын болу қажет. Алматыда бас қосқан белгілі сейсмолог-ғалымдар осылай деді. Мәселен, жер сілкісіні  - таулы жерлердегі ірі қалалар үшін аса қауіпті. Әсіресе - Алматы.

Айтжан Қайыржанқызы - 1967 жылдан бері Алматыда тұрады. Алайда, соңғы кездері 9 баллдық жер сілкінісі болады деген ақпаратты естіп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып үреймен өмір сүріп жүр.

Айтжан Өтешова, қала тұрғыны:

- Әрине, қорқамын. Жер сілкінеді десе, қорқып, баламның үйіне барамыз. Содан кейін жер сілкініп болғаннан кейін үйге қайтамыз.

Жасыратын түгі жоқ. Алматыда сейсмикалық қауіп бар. Оны осы саланы зерттеп жүрген мамандар да растап отыр. Алайда, оларды қаланың тауға қарай созылып бара жатқандығы алаңдатады. Әсіресе, тау беткейіндегі аудандардағы коттедждерден ашылған балабақшалар стандартқа сай келмейді.  

Ералы Шоқпаров, Қазақ құрылыс, сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының өндіріс жөніндегі басқарушы директоры:

- Бұрын тұрғын үй болған. Қазір әлеуметтік нысан. Біз соны зерттеп жатырмыз. 2018 жылдың аяғында қорытындымызды береміз. Мысалға, жекеменшіктің меншігіндегі тұрғын үйді балабақша қылған, ол біздің құрылыс нормаларымызға сай емес. Бүгінгі таңда бүкіл мектеп сейсмикалық талаптарға сай деп айта алмаймын.

Жалпы, жапон инженерлерінің бұл бағыттағы тәжірибесі мол. Сондықтан, олар біздің ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеуге ынталы Екі ел сейсмологтарының қатысуымен өткен алқалы жиында осы айтылды.

Акира Вада, «Жапон сейсмикалық оқшаулау» қоғамының президенті:

- Қазақстан өте қарқынды дамып келе жатқан ел. Алайда, Алматы сияқты таулы аймақта жер сілкінісі кезінде үйлердің құлап қалу қаупі бар. Мұндай жағдайда бәрін жаңадан салу қажеттілігі туындайды. Сондықтан, әрбір үйді салғанда стандарттар мен талаптарды күшейту қажет. Біз мұндай жағдайды басымыздан кешкен елміз. Осы себепті, қауіптің алдын алуға баса мән береміз. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз.

Қазір алматылықтардың дүмпуден келетін қауіпті ойлап, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүр. Себебі де, жоқ емес. «Кейбір құрылыс компанияларының салған үйлері сапасыз», дейді көпшілік.

Ғалымдар «біз жамандықты шақырмаймыз, тек қауіптің барын ескертіп жатырмыз», - дейді. Сондықтан, олар болашақта қаладағы барлық нысанның қауіпсіздігін тексеруді жоспарлап отыр.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу