Мәжіліс Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесін айқындау туралы заң жобасы мақұлдады. Айта кетейік, осы шарт - Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитациялауды толығымен аяқтайтын соңғы құжат. Бұл шартқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен үш елдің сыртқы саяси ведомстволары деңгейінде 2017 жылғы 10 қарашада Самарқанд қаласында қол қойды. Басты мақсаты - Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесін айқындау. Осы үш елдің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі Үстіртте орналасқан.
Шекаралардың түйісу нүктесі орналасқан жері және шекара сызығының өтуі - шарттың ажырамас бөлігі. Түйісу нүктесінің орналасқан жері және түйісу нүктесі ауданында шекара сызығының өтуі - сипаттамасында, түйісу нүктесі ауданының картасында көрсетілген. Сонымен қатар, жалпы отырыста қазақ-қырғыз шекарасын шегендеу жөнінде шарт ратификацияланды.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Қазақ-Қырғыз шекарасында 8 өткізу пункті жұмыс істейді. Жолаушылар мен көліктің қарқыны көп. Әсіресе, курорттық маусым кезінде өседі. Екі елдің азаматтары ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр. Оңтайландыру бойынша қандай іс-шаралар қолға алынды?
Мұхтар Ділманов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынасары – шекара қызметінің директоры:
-Құжат тексеретін орындардың санын 36-ға ұлғайттық. Бұл мәселені шешуге сеп болады деп ойлаймыз. Ол арқылы ұзын-сонар кезектен арыламыз.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.