Басты Жаңалықтар Ақтөбеде адам өліміне себеп болған лифт әлі сол қалпы тұр

Ақтөбеде адам өліміне себеп болған лифт әлі сол қалпы тұр

Ақтөбеде жантүршігерлік жағдайда лифтіде қайтыс болған журналистің ісіне қатысты негізгі сот отырысы өтті. Айыпталушы екеу: лифтке жауапты серіктестіктің басшысы Кенен Жаңабек пен техникалық қызмет көрсететін мекеме өкілі Жарылқасын Ақжанов. Олардың кінәсі дәлелденсе, 4 жылдан 8 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін.

Сот алдына келген лифт қызметіне жауапты серіктестіктің басшысы Кенен Жаңабек пен техникалық қызмет көрсететін мекеме өкілі Жарылқасын Ақжанов. Техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамай жарамсыз лифтіні пайдалануға жол бергендері үшін айыпталды.

Асхат Сәрсенбаев, мемлекеттік айыптаушы:

- Жаңабеков пен Ақжанов Кеден одағы комиссиясының  2011 жылғы 18 қазандағы шешімінің талаптарын орындамаған. Техникалық қауіпсіздікті сақтамаған. Талапқа сай емес лифтіні қолдануға болмайтыны ескерілмеген. 2018 жылғы оныншы мамырдағы сараптама қорытындысына сай, қауіпсіздік шынжырының ақауы бары,  лифт есігінде және жылдамдықты реттеу құрылғыларында ақау бары анықталды.

Қайғылы оқиға болғанға дейін Жаңабек пен Ақжанов өзара келісіп, лифтіге бір реттік жөндеу жүргізген. Бірақ, құжат жүзінде ортада ешқандай келісімшарт жасалмаған.

Кенен Жаңабек, айыпталушы:

- Мен Айзаттың туыстарына көңіл айтамын. Осындай жағдай болғанына өкінемін.  Біз Жарылқасынға звондадық. Мен онымен келістім, себебі оған дейін сол лифтіні жөндеу қажет болған.  Жарылқасынға «барлық құрал бар ма?»дегенімде, ол «бар»,- деді. Келесі күні «лифт жұмыс істеп тұр»,- деді.  Мен Жарылқасынға ақшасын төледім. 4-ші сәуірден кейін барлық лифтіні тоқтаттық. Мен лифтіні білетін адамға сендім.

Осылайша, көз жасына ерік берген марқұмның күйеуі де, анасы да  айыптыларды қатаң жазалауды сұрады. Ешқандай материалдық көмекті қажет етпейміз деп отыр.

Айша Төлемісова, марқұмның анасы:

- Біздің басымызда болған жағдай ешкімнің басына түспесін. Соттан әділ жаза күтемін. Мен лифтінің үстінен қарайтын КСК басшысын кінәлаймын. Себебі, жаңа жауап бергендеде көрдіңіздер, ешқандай жауапкершілік жоқ. Тұрғындардың еш арыз-талабын орындамайтын басшы деп ойлаймын.

Айыпталушылардың кінәсі дәлелденсе, 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сот процесі әлі жалғасады. Осы оқиғадан көп ұзамай қаладағы 400-дей лифт тексерілді. Оның 70 пайызы жөндеуден өтіп, оларды әрі қарай қолдануға рұқсат берілді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұл үйдің тұрғындары 5 айдан бері жоғары қабаттардағы пәтерлеріне жаяу мініп-түсуге мәжбүр. Себебі, оқиға орын алған лифт әлі күнге осылайша ашық-шашық күйінде тұр. Тұрғындар «енді балаларымыздың денсаулығы үшін алаңдап отырмыз», -  дейді. Олар мұны қалпына келтіру үшін өз қалталарынан ақша жинаулары керек.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Бөлісу