Былтыр астық экспортына кедергі болған түйткілді мәселелер биыл тағы қайталануы мүмкін. Өткен жылы ақмолалық диқандар өнімдерін шетелге жөнелте алмай қиналған еді. Себебі, вагон жетпеді. Осы орайда өңірлік кәсіпкерлер палатасы брифинг өткізді. Шаруаға жауапты деген мамандар қатысты. Олардың айтуынша, биыл вагон тапшылығы болмайды. Қазір 6 мыңнан астам тасымал құралы бар.
Еліміз бойынша 4 мыңға жуық жабық вагон қызмет көрсетеді. Дегенмен, бұл мәселені толық шешпейді. Өйткені, Ақтау порты мен Сарыағаш бекетінің өткізу қуаты жеткіліксіз. Вагондардың көпшілігі сол жерлерде кідіріп қалуы ғажап емес. «Сондықтан, бұл мәселелерді күнбе-күн тек сол кезде шешуге тура келеді», - дейді мамандар. Ақмолалық диқандар биыл 5 жарым миллион тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Оның шамамен, 2 миллион тоннасы экспортталмақ.
Ербол Тәшенов, аймақтық бидай холдингінің директоры:
- Біз шынымен де сенімсізбіз. Қазіргі уақытта келісімшарт жасауға да қиналып отырсыз. Себебі, өнімнің уақытылы жіберілетіне көзіміз жетпейді. Өткен жылы көптеген кәсіпкерлер тасымалдың кесірінен келісімшарттағы міндеттерін орындай алмайды. Айыппұлдар салынды. Сатып алушыларымызды жоғалттық. Өкінішке орай, биыл да осы жағдай қайталанады ма деп алаңдаймыз.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.