СҚО-да аудан әкімі парамен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да аудан әкімі парамен ұсталды

05.09.2018

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мамлют ауданының әкімі пара алғаны үшін ұсталды.  Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мәлімдеді. Әкім Жауапкершілігі шектеулі серіктестік директорынан 185 мың ресей рублі сомасында ақша алған. Теңгеге шаққанда 1 миллион көлемінде. Әкімнің қылмысы жемқорлыққа қарсы ұлттық бюромен жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында  әшкере болған. Парақорлық фактісі оның кабинетінен анықталып отыр. 

Нұрлан Жахин, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Ол өз кінәсін қазіргі уақытта толық мойындады. Сондықтан да қазіргі уақытта қылмыстық процестік кодекс бойынша гуманизация жүргізіліп жатыр.

Агенттік өкілдерінің сөзінше, биыл маусымда жүзеге асырылған «Кеңсе жобасы» нәтижесін беріп отыр. Соңғы 3 айда 126 мекеме қорғауға алынып, 90-ға жуық жемқорлық фактісінің алды алынды. Бұл мақсатта мемлекеттен 5 миллион теңге бөлінген еді. Айта кетейік, Астанада ашылған жобалық кеңсе инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан 100% қорғауға кепілдік береді. Құрылған мақсаты - ел экономикасына инвестициялардың келуін жеңілдету, бюрократиялық әрекеттерді және сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмау.  

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

 

Хабарламаларға жазылу