Қызылорда өңірінде күрішке орақ салу рәсімі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда өңірінде күрішке орақ салу рәсімі басталды

31.08.2018

Қызылорда өңірінде күрішке орақ түсті. Егін жинауды алғашқы болып Шиелі ауданының еңбеккерлері бастады. «Су тапшылығына қарамастан, дән бітік шықты. Соған сәйкес, мол өнім алуды межелеп отырмыз», - дейді диқандар. Ала жаздай атыз жағалаған дала қосындағы шаруалар үшін күрішке алғашқы орақ салу рәсімі де үлкен мереке.

Бітік шыққан дәннің салмағы ауыр. Содан майысқан күріш сабақтары иіліп тұр. Бұл – несібесін жерден терген еңбеккерлердің жаз бойғы бел жазбай еткен еңбегінің жемісі.   

Облыс бойынша 81 мың гектар жерге күріш егілді. Жоғары сапалы тұқым себілді. Нәтижесінде егін бітік шықты. Нартай Бекежанов ауылындағы бірнеше шағын шаруашылықтың басын құрап, ірілендірілген «Халық» қожалығының да биыл мерейі үстем.

Халықберді Мыханов, шаруашылық төрағасы:

- Былтыр 40 центнерден алғанбыз, биыл 50 центнерден шығады деп отырмыз. Аман-есен жинап алсақ деп отырмыз. Қазанның онына дейін жиынды аяқтаймыз.

Расында да, бұл техника жаңа заманның жетістігі. Заманауи комбаин компьютермен басқарылады. Осының негізінде жұмысты жүйелі әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік мол.  

Әділбек Сүлейменов, күрішші:

- Күрішіміз пісіп жатыр. Науқанды аман-есен аяқтап алсақ жақсы болар еді. Шамалы қиындық бар, бірақ оны жеңеміз.

Ауа райының қолайсыздығынан күріш былтырғыға қарағанда кеш егілді. Су тапшылығы  болатынын да мамандар алдын ала ескертті. Соған байланысты егістік көлемі біршама азайды. Бірақ, өнімділік өзгерген жоқ. Былтыр жарты миллион тонна дән жинап, ел қамбасына құйған сырбойылық диқандар биыл да мол өнім алуды межелеп отыр.

Әшім Оразбекұлы, Шиелі ауданының әкімі:

- Дарияда су аз болса да, біздің ауданның еңбеккерлері, шаруалары ауызбіршіліктерінің арқасында 12 500 гектар күріш екті. Қазір барлығы алғашқы егінге түсіп жатыр.

Ширақтық танытқан шиеліліктер мамыражай тамыздың соңғы күндерін тиімді пайдаланып, күрішті төкпей-шашпай бастырып алуға күш салуда. Енді бір айда қамба қызылға толады.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу