Жел қуаты – жасыл энергия көзі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жел қуаты – жасыл энергия көзі

28.08.2018

Ақмола облысындағы Ерейментау қаласының маңында осыдан 3 жыл бұрын жел электр станциясы іске қосылған. Жақында ғана баламалы энергия орталығы 500 млн. кВт сағат электр энергиясын өндірді. Бұл қуатпен мысалы Петропавл қаласын шамамен үш ай бойы электр энергиясымен қамтуға болады. Өндіріс орны енді қуатын еселеп, жұмыс қарқынын көбейтуді мақсат тұтып отыр.

Ел тарихындағы ең алғашқы өнеркәсіптік жел паркі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы іске қосылды. Қуаты 45 мегаваттық станция бірден жүз пайыздық өндіріс күшіне енді. Былтыр Ерейментаудың желі  «ЭКСПО-2017» көрмесінің нысандарын толықтай жаңартылған энергия көзімен қамтамасыз етті.

Марлен Ізбасханов, «Бірінші жел электр станциясы» серіктестігінің бас директоры:

- Әрбір жел бағанының қуаты 2 мегаватт. Электр станциясын пайдалану кезеңінде 23 жұмыс орны ашылды. Оның басым көпшілігі  жергілікті тұрғындар. Өндірілген электр энергиясы толығымен 100 пайыз Қазақстанның ұлттық электр желісіне түседі.

Жылына бұл жел паркі 172 млн. кватт электр тоғын өндіреді. Мұнша қуатты алу үшін шамамен 60 мың тонна көмір жағылып, ауаға 170 тонна көмірқышқыл газы шығарылатын еді. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

- Ебелектің қалбағайлары бір сәтке де дамылдамайды. 22 жел турбинасы 24 сағат бойы электр энергиясын өндіреді. Әсіресе, күз бен қыс мезгілінде қуатты көптеу береді. Ал, бір турбинаның өзі күніне шамамен 22 мың кВт.сағ электр эенергиясын өндіреді.

Құны 19 млрд. теңге болатын жоба жоспар бойынша 2023 жылы толықтай өз-өзін ақтап шығады. Ал, «Самұрық-Энерго» компаниясы жақында осы Ерейментау маңынан қуаты 50 мегаваттық  тағы бір жел станциясын салмақ ниетте.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу