«Алтын үкі - 2018» халықаралық мергендер жарысында қазақстандық жауынгерлер бақ сынауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын үкі - 2018» халықаралық мергендер жарысында қазақстандық жауынгерлер бақ сынауда

22.08.2018

«Алтын үкі - 2018» халықаралық мергендер жарысында қазақстандық жауынгерлер алда келе жатыр. Алғашқы 3 күннің қорытындысы осындай. 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан сайыста жерлестеріміз әзірге бас жүлдені ешкімге берген жоқ.

Биыл 13 елден жиналған 26 команда бақтарын сынап жатыр. Олар 13 түрлі жаттығу орындауға міндеттеледі. Соңында жалпы жинаған ұпай санына байланысты жеңімпаздар анықталады.

Нариман Әкімниязов, бас төреші:

- Қатысушыларды түрлі жағдайда сынаймыз. Стресс алулары мүмкін. Сол кезде олардың уақыттарын да шектейміз. Қозғалып бара жатқан нысаналарды атады. Дегенмен, мергендер тапсырмаларды өте жақсы орындап жатыр. Себебі, олар нағыз шеберлер. Мыңның ішінен іріктеліп келген сарбаздар десе де болады.

Әр мерген өзімен бірге қаруын әкеле алады. Бұл қатысушылардың мүмкіндіктерін теңестіре түседі. Нысананың қашықтығы, желдің бағыты мен жылдамдығы, ауаның ылғалдылығы сияқты ақпараттар берілмейді. Қатысушылар мұның барлығын ату позициясынан өздері анықтаулары тиіс. Ал, жазық далада тынымсыз соққан жел біраз мергенді әуреге салды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Қазақстан, Ресей, Қытай және Фин командалары жүлделі орындардан үмітті елдер. «Алтын үкіге» бірінші рет қатысып отырғандар алдағы уақытта үзбей келеміз деп отыр.

Ертіс, мерген:

- Бізден бірнеше команда қатысып отыр. Қазақстан ең жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын. Қарсыластар да осал емес. Бәрі дайындалып келген.

Жарыстың көздегені мергендердің шеберліктерін шыңдау. Елдер арасында байланыс орнатып, терроризмге қарсы әрекеттерде күш біріктіру. Жарыстың нәтижелері 25 тамыз күні белгілі болады.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу