«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» күре жолының бір бөлігі республикалық бюджет есебінен жаңартылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» күре жолының бір бөлігі республикалық бюджет есебінен жаңартылмақ

21.08.2018

Ірі магистральдан өзге, Атырауда қалаішілік жолдардың құрылысы да қарқын алуда. Биыл шаһардағы 226 көшеге асфальт төсеу үшін жобалау-сметалық құжат жасақталған.

Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендердегі автожолдың ұзындығы 1593 шақырым. Оның биыл 1206 шақырымына толықтай тас жол төселді. Енді 387 шақырымы тегістелуде.

Қуанышбек Қабдығали, Атырау қалалық ТҮКШ Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Осының ішінде жалпы ұзындығы 151,5 шақырымды құрайтын 175 көшенің мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынып, қазіргі таңда ашық электрондық конкурс арқылы мердігер мекеме анықталып, келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан өзге, қалаішілік көшелер кеңейтіліп жатыр. Алдағы уақытта жол жиектерінде дренаж жүйесі іске қосылмақ.  Сондай-ақ, мұнда, заманауи талапқа сай келетін аялдамалар да орын тепкен. Дей тұрғанмен, кейбір көшелерде жаяу жүргіншілер жолы жетіспейді. 

«Атырау-Астрахань» күре жолының 60 шақырымы республикалық бюджет есебінен қыркүйек айында жаңартылмақ. Естеріңізге сала кетейік, Ислам даму банкі қаржыландырады деп күтілген автожолдың қалған бөлігі енді өзге қаржы институтымен жөнделмек.

Дәурен Ерғалиев, «ҚазАвтоЖол» АҚ Ұлттық компаниясы Атырау облыстық филиалының директоры:

- Ислам даму банкімен жұмыс істемейтін болғандықтан, бүгінгі күнде Атырау-Астрахань бөлігі бойынша Европалық даму және қайта жаңарту банкімен жұмыс істеу көзделіп отыр. Бүгінгі күнде жұмыс басталды. Банктің өкілдері келіп қарады, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Құны өзгермейді, тек қаржыландыру институты өзгереді.

Аймақтағы барлық жол құрылысына отандық өнім пайдаланылуда. Мәселен, тас жолдың беріктігіне ықпал ететін битум шикізаты Ақтаудан, ал, қиыршық тас пен топырақ Ақтөбеден жеткізілуде. Айта кетейік, тоғыз жолдың торабында орналасқан Атырауда жол мәселесі күн санап шешіліп келеді. Егер сыртқы-ішкі жол толықтай жаңартылса, сауда-саттық айналымы артып, экономикамыз еселене түспек.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу