Мейірімнің мерекесі – Құрбан айт - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мейірімнің мерекесі – Құрбан айт

21.08.2018

Құрбан айт - барша мұсылман қауымы үшін қастерлі мереке. Үлкен-кішіні қуаныш-шаттықа бөлейтін құт -берекелі Құрбан айт мейрамында алдымен таңсәріден еліміздің барлық мешіттерінде Айт намазы оқылып, қалың көпшілік ел тыныштығы мен бірлігі үшін дұға етті. Мешіттерде намаздан кейін түрлі мерекелік шаралар өткізілуде.

Астанада 14 мың адам емін-еркін сыятын зәулім мешітке адамдар лық толып, тіпті біразы сәждеге бас қою үшін сыртта тұрып, сап түзеді. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Айт намазының алдында уағыз айтып, Құрбан айт кешірім мен мейірімнің, қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі екенін айтты. Сондай-ақ, құрбан шалудың және қайырымдылық жасаудың сауабы жайлы да кеңінен тоқталды.

Серікбай Қажы Ораз, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти:

- Амалдардың, жасайтын істің ең қайырлысы, ең абзалы адамдардың көңіліне қуаныш сыйлау деген. Міне, біз нақ осы күндері, Айт күндері бірінші құрбан шалуымызбен, садақа беруімізбен ауру-сырқаудың халін сұраумен, көңілде өкпе-наз болатын болса, соны кештім деп, әлгі адамды құшақ жая қарсы алып, қонақжайлылық танытумен, басқа да мұсылман бауырларымыздың көңіліне қуаныш сыйлай аламыз. 

Мейрамға орай мешіт аулаларында да спорттық шаралар ұйымдастырылған. Яғни, Айт намазынан кейін мұнда қол күрес, асық ату және арқан тартыс сынды ұлттық ойындарымыз ойналды. Ал, қалың көпшілік «осынау ұлық мереке жақсылықтардың бастауы болсын», деген ізгі тілектерін білдіріп жатыр.

Құрбан айт мерекесінің қоғамдық маңызы зор. Ол туыстық қарым-қатынастарды нығайтып, жақындастырады. Мұсылмандардың бір-біріне деген сүйіспеншілік, сыйластық, өзара құрмет сезімдерін арттыруға септігін тигізеді. Бүгін басталған мереке үш күнге жалғасады. Құрбан шалу бүгін Айт намазынан басталып, бейсенбі күнгі ақшамға аз уақыт қалғанға дейін болады. Құрбанды осы уақыттың ішінде шалу – міндет. Оны үшке бөліп, бір бөлігі туған-туыстарға, екінші бөлігі кедей, мұқтаж жандарға, үшінші бөлігі отбасына қалдырылады. Шалынған малды түгелдей мұқтаж жандарға таратуға да болады. Ендеше, барша отандастарымызға ізгі тілек-ниеттеріңіз қабыл болсын дейміз.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу