Елімізде 1000 ІТ-сынып ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 1000 ІТ-сынып ашылады

16.08.2018

Астанада жыл соңына дейін 73 ІТ-сынып ашылады. Қазірдің өзінде осындай 11 оқу бөлмесі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, ересектерге арналған 20 ІТ-орталық ашу жоспарда бар. Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев заманауи орталықтың жұмысымен танысты. Бұл жерлерде компьютерлік бағдарламалау, робототехника, 3D модельдеудің қыр-сырын тегін оқып, үйренуге болады.

Бұл заманауи оқу сыныптары «Нұр Отан» партиясының «Тегін 1000 ІТ-сынып» жобасы аясында ашылған. Қазірдің өзінде 225 бала осы жерде білімін толықтыруда. «Осындай орталықтар арқылы біз жастардың және жалпы халықтың ІТ сауаттылығын көтереміз», -  дейді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Қазақстан бойынша 100-ден астам ІТ-сыныпты аштық. Олар енді жұмысын 1-қыркүйектен бастап жандандыра түседі. Осы жылдың аяғына дейін 250 ІТ-сыныпты ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, алдымыздағы 2-3 жылдың ішінде 1000 ІТ-сыныпты ашатын боламыз.

Оқушылар мен студенттердің тарапынан заманауи жабдықталған сыныптарға деген сұраныс жоғары. «Әсіресе, болашағын осы саламен байланыстырғандарға таптырмас мүмкіндік», - дейді мамандар.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев №5 кітапханада ашылған «Коворкинг орталығына» да ат басын бұрып, партия бастамасымен қолға алынған жұмыстардың барысымен танысты. Заманауи үлгіде жабдықталған нысан кез келген жастағы оқырманға сапалы қызмет көрсете алады.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу