Каспийді игерудің жаңа кезеңі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспийді игерудің жаңа кезеңі басталды

15.08.2018

Ақтауда өткен Каспий саммиті – теңізді тиімді қолданып, экономикалық өрлеудің жаңа кезеңі. Бұл алматылық ғалымдардың орамды ойы. Олардың айтуынша, Каспий теңізінің құқықтық  мәртебесі туралы Конвенция 5 мемлекеттің барлық мәселелерді оңтайлы шешуіне ықпал етеді.  Негізінен, бұл келісім Каспийді жағалай қоныстанған бес ел үшін ғана емес, байырғы Жібек жолын пайдаланған мемлекеттер үшін де өте тиімді. Себебі, қазір өңіраралық қарым-қатынас мәселесі экономиканың даму тетігіне айналған. Сондықтан, озық отыздыққа ұмтылған еліміз енді «Құрық» порты арқылы Шығыс пен Батыстың арасын жалғайды. Одан бөлек, қарт Каспийде туризмді түлетуге мүмкіндік мол. Себебі, мұнда шомылу маусымы бес айға созылады. Ал, теңіз саяхаты арқылы бес мемлекеттің қалалары мен көрікті жерлерін аралауға болады. Сондықтан, Ақтауда өткен Каспий саммиті туризмнің де қарқынды дамуына септігін тигізеді.    

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті: 

- Каспий саммитінің бесінші кездесуінде Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен Каспий конвенциясына толығымен қол қойылды. Ол Каспий конституциясы деп те аталады. Каспий теңіз болып қалды. Бірақ, су астындағы бөлінген аудандарда әр мемлекет өзі ие. Бұл Қазақстанға өте пайдалы. Өйткені, Қазақстанның Каспий теңізіндегі жағалауы өте ұзақ, ең көлемді жері бізде.

Нүркен Айтымбетов, Философия және саясаттану институтының аға ғылыми қызметкері:

- Көп жағдайда бес мемлекеттің ішінде Иран мемлекетінің қалыс қалуы жағдайында бұл осы уақытқа дейін созылып келді. Батыс, еуропалық ақпарат құралдарында бұл саммитті Еуропа мен Азия арасындағы көпір дейді. Өйткені, Каспий теңізінің статусы шекаралық тұрғыдан анықталса, теңіздің жан-жақты игерілуі басталады. Яғни, туризм дамиды. Одан кейін сауда қарым-қатынасы, су жолдары дамиды.

  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу