Ақмолалық шаруалар «қыс қамын жаз ойлап», мал азығын дайындауға кірісті. Биылғы болжам бойынша шаруа қожалықтары 525 мың түлікті қыстан аман алып шығуы керек. Сондықтан, қазір өңірде шөп шабу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Малға қажетті жем-шөпті жинап алған шаруашылықтар да бар.
Бұл дала шөбі емес, әрине. Бұл жерге арнайы көктемде шаруалар осындай шөп еккен болатын, яғни, мал азығы үшін. Ақмола облысында жыл сайын мал басы артып жатыр. Сондықтан, осындай алқаптардың да көлемі ұлғайып жатыр. Себебі, бұл шөптің өнімділігі жоғары. Биік болып өседі және де қалың.
Биыл Ақмола облысында 174 мың гектарға мал азығы егілді. Бұрын даладағы шөпті шабумен шектелетін шаруалар енді осындай тиімді тәсілді қолдануда. Алқапта жүрген техникалар жаңа. Өнімділігі жоғары. Сондықтан, еңбек күшін көп талап етпейді. Үлкен алқапты бір-ақ трактормен шауып шығуға болады.
Алмас Түкенов, шаруа:
- Мал ұстаймыз. Қой, сиыр, жылқы бар. Шөп науқаны болып жатыр. Қазір шөп жинап жатырмыз. 100 тоннадай керек. Әзірге жартысын жинап тастадық.
Ал, облыс бойынша биыл 1 миллион 104 мың тонна шөп жинау қажет. Қазір оның басым көпшілігі орылған. Қысқы мал азағын жинауды аяқтап қалған аудандар да бар.
Серік Шайгөзов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Бүгінде 1 миллион тоннадан астам шөп жиналды. Келесі аптада бірқатар аудандар қажетті жоспарды орындауды аяқтайды. Облыс аумағында 750 шөп дайындау ұжымы құрылған. Қазір 8 мың трактор, 3 мың шөп шабу кешені және 2,5 мың шөпті жинап, қысатын техника жұмылдырылған.
Шаруашылықтардан бөлек, ауыл тұрғындары да жаппай шөп шабуға кіріскен. Олар үй шаруашылығына қажетті қорды жинап алуға ниетті. Мал азағын дайындау науқаны күзге дейін жалғасады. Кейін егінді орып алу міндеті тұр.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.