Павлодар облысындағы Железинка ауданының мектептеріне заманауи жылу қазандықтары орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысындағы Железинка ауданының мектептеріне заманауи жылу қазандықтары орнатылды

13.08.2018

Жаңа технология бюджет қаржысын үнемдеумен қатар, оқу ғимараттарында өрттің алдын алуды қамтамасыз етеді. Ұшқыр жобаны жүзеге асыруды жеке инвесторлар ұсынып отыр. Осылайша, «ЭКСПО-2017» көрмесінде жария етілген қызуы қатты әрі жылуды ұзақ уақыт сақтап тұратын қазандықтар кәдеге жаратыла бастады.

Ұшқыр жобаның Железинкада іске асырылуы кездейсоқтық емес. Аудандағы 23 мектептің жартысынан астамына жылу қазандығы орнатылған ғимараттар жапсарласа салынған. Ал, Береговое ауылындағы мектеп өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтіндіктен, жабылуға тиіс болатын. Тығырықтан шығар жолды энергоөндіруші кәсіпорын ұсынды. Олар барлық мектепке тез қызып, жылуды ұзақ ұстайтын блок-модульдерді тегін орнатты.

Баулыбай Аужанов, Железинка ауданы әкімінің орынбасары:

- Егер 12 қазандықты өзіміз орнататын болсақ, жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін ғана әр қайсысына 25 млн. теңгеден 300 млн. теңгеге дейін қаржы қажет болатын. Өте қымбат. Бұл бізге қиын мәселе болды.

Жаңа технология солтүстікқазақстандық өнертапқыш Александр Топченконың еңбегінің жемісі. Ол германиялық әріптестері жасаған үлгіні алып, оны аязды аймақтардың климатына сай жетілдірген. Нәтижесінде отынды аз жағып, жылуды молынан беретін мүлдем жаңа қазандық жасалды. Ең бастысы, көмір талғамайды. Ұнтағына дейін жанып кетеді.

Гүлнар Сағындықова, Береговое ауылдық негізгі білім беру мектебінің директоры:

- Бұрын қиындық болған. Көмір мерзімінде әкелінбейді. Оның сапасы да жаман болатын. Енді жеңіл болды.

Дәл осы инновациялық қазандықтар «ЭКСПО» көрмесіндегі онлайн-байқаудың жеңімпазы болып танылған еді. Содан бері блок-модульдер еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жаппай қолданыла бастады. Ал, Железинка ауданы басшылығы алдағы жылыту маусымында барлық әлеуметтік мекемелерді инвесторлардың басқаруына беруді ұйғарып отыр.

Альтаир Сыздықов, энергоөндіруші компанияның бас директоры:

- Бұл мемлекеттік мекемелердің өз салаларында ғана жұмыс жасауына жол ашады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға негіз болады. Мәселен, жыл сайын көмірмен қамтамасыз ету үшін тендер өткізіледі. Отын сапасыз болса, жылу беру нашарлайды. Енді бұл жұмыстар бізге, мамандандырылған кәсіпорынға жүктеліп отыр.

Кәсіпорын енді мектептердің жанынан жылыжай салу жобасын ұсынбақшы. Себебі, оларға жылуды тегін беруге болады. Оған қазандықтардың қуаты жеткілікті. Нәтижесінде оқушылар жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етіледі.

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу