Үйіндінің астында қалған үш құрылысшының жағдайы орташа. Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы осылай деп ақпарат берді. Оқиға кеше кешкісін Балқантау көшесі, 92 мекенжайында болған. Құрылысы аяқталмаған коттедждің екі қабатын жалғап тұрған еден жабыны опырылып түскен. Үш жұмысшы үйінді астында қалып қойған. 1970, 1983 және 2000 жылғы азаматтар. Куәгерлердің айтуынша, құрылыс басында 10 шақты адам еңбек еткен. Екі адам бірден құтқарылған.
Ал, оқиға орнына жеткен құтқарушылар үшінші азаматты аман алып қалу үшін 2 сағаттай алысып, шығарып алған. Құрылысшылар әр түрлі дәрежеде жарақат алыпты. Қазір осы оқиға бойынша сот алды тергеу жұмысы басталды. Ішкі істер департаменті жұмыс беруші мен құрылысшылар арасында еңбек шарты болмағанын айтты.
Әйгерім Ардақ, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Қазіргі таңда зардап шеккендердің денсаулық жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Әрқайсысына медициналық көмек көрсетілді. Олар аурухананың бейінді бөліміне жатқызылды.
Айта кетейік, биыл алғашқы алты айда 701 адам өндірісте зардап шекті. Жазатайым оқиғада 440 жұмысшы ауыр жарақат алды. 85 адам қаза тапты. Ал, 2017 жылы осы кезеңде 100 адам көз жұмған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, жыл сайын елімізде 1 500-ге жуық жұмысшы өндірісте жарақат алады. 250-ге жуығы қаза табады.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.