Қызылорда қаласындағы Досан ауылының тұрғындары дабыл қағуда. Айдың-күннің аманында олар қорадағы төрт түлігіне ие бола алмай отыр. Ауылда мал қалмай барады. Халық құзырлы орындарға қайта-қайта арыз жазыпты. Бірақ, нәтиже жоқ. Ұры табылар емес.
Тоқтамыс ақсақалдың бір түнде 8 сиыры жоқ болды. Оны ақпан айынан бері полиция да іздеп, таба алмай жатыр.
Тоқтамыс Нұржанов, Досан ауылының тұрғыны:
- Қорамыздан алып кетті. Барлығы да туайын деп тұрған сиыр еді. Өзіміз шаруалармыз. Ақсыз қалдық, бала-шағамыздың аузынан жырылды. Бұрын аулымызда бірен-саран ұрланатын. Оған біз мән бермейтінбіз. Мынаған ішіміз удай ашып кетті.
Дариға Қазанова да бір емес, бірнеше малынан айрылды. Ізім-ғайым жоқ.
Дариға Қазанова, Досан ауылының тұрғыны:
- Бұл мал ұрлығының басы да, аяғы да емес. Бұл ұрлық тоқтамайды. Енді ауылда отырған соң мал ұстаймыз, басқа не бітіреміз? Жұмысымыз жоқ.
Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі - мал шаруашылығы. Басқа табыс көзі жоқ. Сондықтан, ашынады. «Ұры алыстан келген жоқ», - дейді олар.
Мұратбек Жәкішов, ҚІІБ Ақсай полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
- Қазіргі уақытта күдікті тұлғамыз анықталып отыр. Ұстап және әшкерелеу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Ол күдікті тұлғаның аты-жөні тергеу құпиялылығына байланысты жарияланбайды.
Қала бойынша биыл мал ұрлығына қатысты 70 жағдай тіркелген. Облыстық Ішкі істер департаменті бұдан өзге ақпарат бере алмайды. Оның қаншасы табылды, қаншасы табылған жоқ. Ол да құпия. Халықтың да ашынатыны сондықтан - ұрланған малының хабарын біле алмай сандалып жүр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.