Бүгін аты әлемге танылған ұлы тұлға, Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Нельсон Манделаның туған күні. 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы қарар қабылдап, 18 шілдені «Нельсон Манделаның халықаралық күні» ретінде атап өтуге шешім қабылдаған. Бір ғасыр бұрын дүниеге келген саяси қайраткердің қайшылыққа толы ғұмыры, бейбітшілік пен бостандыққа қосқан зор үлесі өнеге ретінде қазақстандық жеткіншектерге айтылды.
Нельсон Мандела өмірінің 67 жылын бейбітшілік, гуманизм, азаттық және адам құқығы істеріне жұмсаған адам. Нәсілдік кемсітушілік режиміне қарсы күрес жолында 27 жыл түрмеге қамалды. Абақтыда отырып-ақ, Лондон университетін сырттай бітіріп, заң ғылымдарының бакалавры атанды. Жастайынан білімге құштар Манделаның адам құқығы үшін жан аямай күрескен бейнесі көпшіліктің есінде.
Кийтуметци Сийпило Тандека Мэттьюс, Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Нельсон Манделаның өнегелі жолы әлемнің әр мемлекетінің азаматы үшін үлгі болары сөзсіз. Бұрынғы президенттің бейбітшілік пен бостандыққа қосқан үлесін тізіп айту мүмкін емес. Елшілік тарапынан осындай кеш ұйымдастырып отырмыз. Манделаның әлемді өзгертуге арнаған 67 жылы сияқты әр азаматты 67 игі іс жасауға шақырамыз.
Нельсон Манделаның 100 жылдығына орай өткізілген шараға 30-ға жуық оқушы жиналып, тұлғаның өмірбаянымен танысты. Түрлі ойындар ойнап, африкалық би билеп үйренді.
Әлібек Өмірзақ, оқушы:
- Ол білім адамның ең мықты қаруы деп санаған. Ол осы білімі арқылы Оңтүстік Африканың президенті атанды. Мен Нельсон Манделаға ұқсағым келеді.
Нағыз еңбек – құлап, қайта көтерілу. Нельсон Манделаның осы қанатты сөздері әлем жұртшылығына әлі күнге дейін серпін береді. Ол тек бір құрлықтың емес, дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған, халықтың ыстық ықыласына бөленген бірегей тұлға.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ