Биыл электронды төлқұжат жаппай енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл электронды төлқұжат жаппай енгізіледі

17.07.2018

Жекешелендіру бағдарламасының жоспарланған межесінің 77 пайызы орындалған немесе сатылуы керек болған 104 нысанның 89 ғана сатылымға шығарылды. Бүгін Үкіметте бірнеше мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асу барысы талқыланды. Атап айтсақ, денсаулық сақтау мен жекешелендіру бағдарламаларының және «Цифрлық Қазақстан» аясындағы смарт сити жобаларының алты айдағы аяқ алысы қаралды. Аталған тақырыптар бойынша Үкімет мүшелері мен өңір басшылары есеп берді. 

Жекешелендіру бағдарламасы басталғалы 400-ден астам нысан сатылып, қазынаға 216 миллиард теңге пайда түскен. Биылғы жартыжылдықтың межесі тағы 104 нысанды сату болатын.  Қазір оның  89-ы ғана сатылымға шығарылған. Себебі, кейбір органдар мен ұлттық компаниялар салғырттық танытып отыр.  4  топ нысан осы себепті жекешеленбей қалуы мүмкін. Сондықтан да министр  ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруды сұрады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Республикалық меншіктегі 4 топ объекті бойынша проблемалар орын алып отыр. Себебі кейбір мемлекеттік органдар бекітілген кестеге сәйкес орындамай отыр.

Бұл мәселелер Үкімет отырысының хаттамасына енді. Күн тәртібіндегі тағы бір тақырып цифрландыру бағдарламасына қарасты смарт сити жобасы. Биыл 16 өңірде осы салаға жетекшілік ететін басшылар бекіген. Сондай-ақ, білім мен денсаулық және тұрғын үй саласында бірқатар қызмет толық автоматтандырылған.

Дәурен Абаев,  ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

Қазірдің өзінде медициналық, ақпараттық жүйелер, электронды күнделік немесе мектепке дейінгі балалар мекемелеріне кезекке қою және бөлу жүйелері барлық аймақтарда енгізілді.

Үкіметте пысықталған тағы бір мәселе -   денсаулық бағдарламасы. Жыл соңында тесттік режим аяқталып, республика бойынша денсаулық сақтаудың электронды төлқұжаты енгізіледі. Медициналық ақпарат жүйесінде ауыл мен қала халқының амбулаториялық және диспансерлік базасы болады.

Елжан Біртанов,  ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Жылдың басынан бері  8 облыста пилоттық медициналық құжатты қағазсыз жүргізу іс-шаралары іске қосылды. Бірінші шілдеден бастап қалған өңірлерде қосылды. Медицина мекемелерін компьютермен жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы көрсеткіш шамамен 88 пайызды құрады. Жергілікті атқарушы органдардан  жабдықтауды 100 пайызға жеткізуді сұраймын.

Үкімет басшысы бұл салада кемшіліктер де көп екенін айтты. Мысалы, дәрі-дәрмек алуға кей өңірлер артығымен тапсырыс берген. Нәтижесінде қазына қаржысы есепсіз жараған. Ол үшін тез арада цифрлы технологиялар енгізіп, жоспарлауды жетілдіру жүктелді. Сондай-ақ, Елжан Біртановқа  шетелде қымбат ем алуға квота бөлуді ашық әрі әділ етуді тапсырды.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу