Электронды петиция жүйесі енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электронды петиция жүйесі енгізіледі

23.10.2020

Елімізде ұжымдық үндеулерді электронды петиция жүйесі арқылы қабылдау жоспарлануда. Жауапты ведомство бірқатар елдің тәжірибесін ескерген. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдары саласында да өзгерістер болатындығы айтылды. Мәселен, келер жылы ұлттық брендке айналған екі газет біріктірілмекші.

Онлайн шарада айтылғандай, қазір мемлекеттің қызметіне қатысуға қоғам тарапынан қызығушылық артып келеді. Осыған орай, Қазақстанда электронды петиция жүйесін енгізу жоспарланып жатыр. Министрлік 30-ға жуық елдің тәжірибесін зерделеген екен. Яғни, бұл мемлекеттерде ұжымдық үндеулер электрондық түрде қабылданады және заңнамалық деңгейде реттеледі.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
-Осының негізінде қазіргі таңда «петиция» ұғымын нақты бекітетін және ұсыну мен қарау тәртібін реттейтін тиісті нормативті-құқықтық база әзірленуде. Өз кезегінде Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өтініштер жіберуге арналған онлайн платформа құрудың техникалық мүмкіндіктерін әзірлейді. 

Баспасөз мәслихатында бюджетті оңтайландыру шаралары сөз болды. Осы бағытта алдымен «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттері біріктіріледі. Келер жылы олар жеке серіктестік болса, уақыт өте акционерлік қоғамға айналады. Бірақ ұлттық брендке айналған газеттердің шығармашылық ұжымында ешқандай өзгеріс болмайды, - деді министр. Ақпарат ағымы заман көшінен қалмау керек. 21 жыл бұрын қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға бүгінге дейін 45 түзету енгізілген екен. Алайда, құжатты қайта қарау – уақыт талабы, - дейді ведомство басшысы.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
-Қазір бәрі жылдам өзгеріп жатыр. Ақпарат саласында жаңа түсініктер пайда болды. Әлеуметтік желі қоғаммен тығыз байланыста. Блогерлер бар. Осылардың барлығы құжатта ескерілуі тиіс. Алдымен заманауи терминдер жүйесін айқындап алуымыз керек. Заң жобасында журналистің статусын, құқығы мен міндеттерін ерекше назарда ұстаймыз.

Бұл бағытта министрлік жанынан жұмыс тобы құрылған. Келер жылы заң жобасына қатысты талқылаулар өтеді. Бұған тілшілердің өздері де қатысып, ұсыныс-пікірлерін айтуларына мүмкіндік болады.

Дарын Сағитов

Электронды петиция Аида Балаева Ақпарат және қоғамдық даму министрі

Хабарламаларға жазылу