Жоғарғы сотта 1,5 жылда 700-ден астам үкім түзетілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғарғы сотта 1,5 жылда 700-ден астам үкім түзетілген

13.07.2018

Соңғы бір жарым жылда сотталған қазақстандықтардың 12-сі ақталып шыққан. Заңсыз қамауға алынғандарға судьялардың әділетсіз үкімі себеп. Мұндай жағдай, әсіресе, Алматы қаласында көп кездеседі. Бұл туралы бүгін Жоғарғы соттың  республикалық судьяларының кеңейтілген кеңесінде айтылды.

Елімізде әр 3-ші отбасының шаңырағы шайқалып, әрбір үшінші неке бұзылады. Егер орта есеппен әр жанұяда 2 бала деп алсақ, бір жылда 100 мыңнан астам бала әке немесе ана тәрбиесінен айырылуда. Бүгінгі жиында Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен осы мәселені көтерді. «Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін сотқа дейінгі міндетті медиацияны заңнамаға енгізу қажет»,- дейді ол. Сонда ғана қоғамдағы даукестік деңгейі төмендемек.

Сағатбек Сүлеймен, ҚР Жоғарғы соты төрағасының кеңесшісі:

- Татуласу орталығы тек дау шешу ордасы болып қана тұрмай, халықтың санасына оң әсерін тигізетін, соттасудың өзі ұят, табиғатымызға жат қылық екенін насихаттайтын, ұлттық идеологиямызды нығайтатын қоғам ордасы болуы тиіс.

Алқалы жиында заң және сот жүйесіндегі өзге де өзекті мәселелер айтылды.  Мәселен, соңғы бір жарым жылда Жоғарғы сотта наразылықтар бойынша кассация арқылы 700-ден астам үкім түзетілген.  200 сотталған азамат жағдайын жақсартты.

Соның ішінде, 12 адам толық бостандыққа шығарылса, 19 адам ішінара ақталды. «Сол себепті, судьялар жұмысындағы өрескел қателіктерді анықтау үшін арнайы жүйе керек»,- дейді мамандар. Өйткені, елімізде әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істердің саны жыл сайын көбейіп барады.

Бағлан Мақұлбеков, ҚР Жоғарғы сотының судьясы:

Жылдан-жылға республика соттарында қаралып жатқан азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің саны артып келеді. Жарты жылдың ішінде республика соттарында 2 миллионға жуық істер мен материалдар қаралды. Бұл сот корпусына үлкен жауапкершілікті артатын мәселе.

Айта кету керек, бүгінгі кеңейтілген жиын өзгеше тәртіп бойынша өтті. Жарты жылдағы жұмыс қорытындыланып, Жоғарғы соттың жетістіктері мен кемшіліктері талқыланды. Адвокаттар, заңгерлер мен прокурорларға сот жүйесі жөніндегі пікірлерін айтуға мүмкіндік берілді.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу