Қызылорданың іргесіндегі жаңа мөлтек ауданның бұрынғы тұрғындары үйлерін  заңдастыра алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорданың іргесіндегі жаңа мөлтек ауданның бұрынғы тұрғындары үйлерін  заңдастыра алмай жүр

29.06.2018

Мемлекет меншігіне алынады деген ескі үйлер я бұзылмайды, я жөнделмейді, тіпті баспана иесінің өз еркімен қандай да бір әрекет етуіне  рұқсат жоқ. Үш жылдан бері  17 отбасы осындай сергелдеңмен жүр. Жаңа шағын аудандағы барақ үйлердің мәселесі қашан және қалай шешіледі? Мән-жайды тілшіміз Ақерке Берікбекқызы айтады.

Бұрын бұл жер 800 бас деген ауыл еді. Дәл осы жерде іргелі мал шаруашылығы болды. Ал, қазір бұл аумақ «Бәйтерек» деп аталады. Атау өзгерді, бірақ, тұрғындардың проблемасы көбейді.

800 бас ауылынан қалғаны осы бір-біріне жапсарлас салынған барақ үйлер. Оның өзі құлайын деп тұр. Жауын жауған сайын төбеден су ағып, қам кесекпен өрілген қабырғалар мүжіліп барады. Тұрғындар үйді жөндейін десе немесе осы заңды жерінен баспана салайын десе рұқсат жоқ. Себебі, бұл аумақ мемлекет мұқтажы үшін қайтарылады деп белгіленген.

Самал Өрісова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- Бағалау жасалды. Ертеңінде келіп, үйіме 6 миллион 600 мың, қалғандарына 3 миллион, 2 миллион шығады, тезірек құжат дайындаңыздар деді.

Орынкүл Анасова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- 3,5 жыл өтті. Құжаттарын салып алды. Бізбен бірге өткізген көп адамның 3-уі ақшасын алды да кетіп қалды. Бізді енді әрі-сәрі қылып қойды. 

2016 жылы осы «Бәйтерек» мөлтек ауданынан 6600 адамға жер телімі берілді. Содан бері жұртшылық жаппай үй салып жатыр. Мәселесі шешілмеген күйі 800 бас ауылы осы жаңа мөлтек ауданның ортасында қалды.

Марат Исмаилов, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- «Бәйтерек» мөлтек ауданына аудар», дейді бірақ, бізді арестке қойып қойған. Енді аресттен алмай тұр, аудармай отыр. 

Негізі бұл аумақтан 980 гектар, яғни, 25 жер телімі мемлекет қажеттілігі үшін алынбақшы болған. Бірақ, тұрғындардың бірі келісіп, бірі келіспегендіктен, ол толық жүзеге асқан жоқ. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, 25 адамның 8-і ғана үйлерін бағаланған құнына беріп, көшіп кеткен.  Ал, қалғандары үшін тағы да басқа ұсыныстар айтылып жатыр. 

Берік Сәрменбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Біз құжаттарын аресттен шығарып береміз. Ол кісілерге тұрып жатқан барақ үйдің жер учаскелерін өздеріңізге заңдастырып, жұмыс жасау туралы да ұсыныс айтқанбыз. Бірақ, ол кісілер одан кейін бізге қарай ұсыныс білдірген жоқ.

Бізге мәлім болғаны сол, 800 бас ауылында қалған отбасылар «Бәйтерекке» қосылам десе өз еркі,  көшіп кетемін десе де өздері біледі. Үш жыл басталған дауды шешу тұрғындардың құзырында. Әкімдік қандай шешім болса да қолдамақ ойда.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу