Қызылорда әкімі ел алдында есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда әкімі ел алдында есеп берді

06.02.2019

Баспана мәселесі, кәсіпкерлікті дамыту, жол және әлеуметтік нысандардың жоқтығы. Қызылордалықтар қала әкімінің есеп беру жиынында осындай түйткілді мәселелерді алға тартты. Қала басшысы 200-ден астам тұрғынның арыз-шағымына құлақ асты.

Гүлмира Жаңабай 10 жыл бұрын «Саяхат» мөлтек ауданынан жер алған. Бірақ, осы уақытқа дейін үй сала алмай жүр. 

Гүлмира Жаңабай, қала тұрғыны:

- Мөлтек аудан деп аталады. Бірақ, ол жақта тұруға мүмкіншілік жоқ. Болмаса, маған жерімді ауыстырып берсін. 10 жыл босқа тұр. 6 балам бар. Қазіргі уақытта 6 балам ата-анамның үйінде отыр.

Ал, Баян Өксікбаева 6 жылдан бері жеке сауда дүңгіршегін заңдастыра алмай қиналған. Бірнеше рет құзырлы орындарға арыз жазса да, шешімін таппады.

Баян Өксікбаева, қала тұрғыны:

- Өзімнің бала-шағам, қолымда мүмкіндігі шектеулі жандар бар, ұлымнан қалған жетім немерелерім бар. Ол дүңгіршек күнкөріс көзім. Сонымен бала-шағамды асырап отырғанмын.

Түрлі проблема. Сан алуан тағдыр. Әкімнің қабылдауына келгендердің денін әлеуметтік, коммуналдық мәселелер мазалайды. Тиісті органдарға тапсырма берілді. Кейбір мәселелердің түйіні сол жерде-ақ тарқатылды.

Роза Бегалиева, қала тұрғыны:

- Су жүргізілмеген. Оны тұрғындар өздері жүргізіп алған. Соның кесірінен асфальттау мәселесі кейінге жылма жыл шегеріліп келе жатыр. 2019 жылы шешіледі деген уәде алып жатырмыз.

Билік тұрғындардың арыз-шағымдарын ескерусіз қалдырмақ емес. Былтырғы кездесуде көтерілген мәселелер биыл оң шешімін тапқан.

Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі:

- Былтырғы есептік кездесуде «Арай», «Сабалақ», «Эдельвейс» саяжай тұрғындары тарапынан қала аумағына қосылу, жол, ауызсу, жарық мәселелері көтерілген. Қаланың бас жоспарына  енгізілген өзгерістер нәтижесінде аталған саяжайлар қала аумағына енгізілді. Қазіргі кезде аталған аумақтарға тиісті қаржы бөлініп, кезең-кезеңімен инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа мөлтек аудандарда қазір мектеп жоқ. Бұл да жұртшылықты мазалап жүрген сұрақ еді. Көп ұзамай бес ауданда білім ошағының құрылысы басталады. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу