Олжас Сүлейменовтың немересін Қызылорда облыстық ІІД бастығының қызы көлікпен қағып кеткені расталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олжас Сүлейменовтың немересін Қызылорда облыстық ІІД бастығының қызы көлікпен қағып кеткені расталды

28.06.2018

«Олжас Сүлейменовтың немересін Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті бастығының қызы көлікпен қағып кеткенін растаймыз». Бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаментіндегілер бұл ақпаратты растады. Мәңгілік ел көшесінен Керей мен Жәнібек хандар көшесіне бұрылу кезінде  полковник Қайрат Мұхитовтың қызы жол ережесін бұзған. Салдарынан мотоцикл мінген 26 жастағы Ескендір Сүлейменов қаза тапты. Күдікті Малика Мұхитова өз кінәсін мойындап, полицейлердің тергеуіне атсалысқан. Мұхитованың әрекеті жеңіл қылмыстар санатына жататындықтан, оны кепілдікпен қамаудан босатқан. Астаналық полицейлер қызылордалық әріптесінің тергеу ісіне еш кедергі келтірмегенін алға тартты. Ал, Ата заңға сай, кәмелет жасына толған баланың әрекеті үшін ата-ана жауапты емес екен.

Санжар Әділов, Астана қалалық ІІД бастығының орынбасары:

- Расында жүргізушінің әкесі біздің қызметкер. Ол Қызылорда ІІД бастығы Мұхитов. Оны біз растаймыз.

Естеріңізде болса, 22 маусымда болған жол апатынан кейін Ескендір Сүлейменовтың жолдастары желіде оқиға орнында болған куәгерлерді іздестіріп жатқанын жариялаған. Алайда, сақшылар тергеуге қажетті мәліметтің бәрі толық жиналғанын айтты. Қылмыстық кодекске сай күдікті 5 жылға дейін ас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу