Кедендік одақ машина жасау саласының дамуына оң ықпал етуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кедендік одақ машина жасау саласының дамуына оң ықпал етуде

23.04.2014
Кедендік одақ машина жасау саласының дамуына оң ықпал етуде
Кедендік одақ елімізде машина жасау саласының дамуына оң ықпал етіп отыр. Былтыр Ресейдің Миасс қаласындағы «Урал» жүк көлігін жасайтын зауыты Семей қаласында құрастыру цехын ашты.
 
Бұған дейін көрші елдегі алып өндіріс орны Қазақстанға тек дайын өнімдерін саудалап келген.Кедендік одақтың арқасында экономикалық байланыстың жеңілдеуі бұл саладағы әріптестікті дамытуға тың серпін берді.
 
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Ресейдің Миасс қаласындағы әйгілі «Урал» автомобиль зауыты - осы. Біз қазір оның құрастыру цехында жүрміз. Яғни, өндіріс циклы осы жерде толық аяқталып, дайын өнім нарыққа жол тартады. Цехтан бір ауысымда 35 көлік құрастырылып шығарылады.
 
Зауытта барлығы 6000 жұмыскер болса, соның 200-ден астамы осы цехта еңбек етеді. Олар жол талғамайтын, жүк тасымалдауға да, әскери мақсатқа да пайдаланылатын «Урал» көліктерінің 700-ден астам түрін құрастырады.
 
Автокөліктің тек қозғалтқышқа қажет бөлшектері ғана Ярославль қаласында дайындалады. Қалған бөлшектерінің бәрі осы зауыттың аумағында жасалады.
 
Эдуард Никитин, бас конвейер цехының басшысы:
Конвейердің өзінде бірнеше құрастыру желісі бар. Олар негізінен көліктің кабинасын, қозғалтқышын, қорабын, қаңқасын жинастыруға арналған. 
 
70 жылдық тарихы бар өндіріс орнының өнімі Еуразия мен Африка құрлығындағы көптеген елдерде қашанда зор сұранысқа ие. Соның ішінде Қазақстанмен арадағы әріптестік байланыс ешқашан үзілген емес. Зауыт жылына өз өнімінің 25 пайызын экспортқа шығарса, соның 20 пайызы Қазақстанға тиесілі.
 
Александр Ленец, Сауда және экспорт басқармасының басшысы:
Былтыр Шығыс Қазастан облысының Семей қаласында құрастыру цехын аштық. Бұл қазақстандық әріптестерімізбен арадағы қарым-қатынасты тереңдете түсуге мүмкіндік береді. Кедендік одақ құрылғаннан бері Қазақстанмен арадағы алыс-беріс 1,5 есе өсті.
 
Ресей тәрізді өндірісі дамыған елмен арадағы әріптестік Қазақстан экономикасының қай саласының да өркендеуіне өріс болары анық. Серіктестік байланыстың арқасында ашылған әрбір өнеркәсіп, біріншіден, жұртқа жұмыс болса, екіншіден, бюджетке түсер қаржыны еселейді.
 
Семейдегі «Урал» көлігін құрастыру цехында 300 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуы - соның бір дәлелі. Бұл үрдіс алдағы кезде еселеніп жалғаспақшы.
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу