Бурабай курорттық кентінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл жоба елдегі этностардың арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған.
Қай этносқа жататынына қарамастан, барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту. Жаңа жобаның діттегені осы.
Леонид Прокопенко, ҚХА төрағасының орынбасары:
- Бүгін біз Абылайхан алаңында «Қазақтану» жобасының тұсаукесер рәсімін өткіздік. Жоба аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгін біз республикалық деңгейде Қазақстан халқы Ассамблеясы лекторийін өткіземіз. Ол еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылады. Жоба аясында біздің лекторларымыз аудандар мен шалғай ауылдарға барады. Жобамыздың басты мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту.
Бурабайдың баурайындағы бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сабақтаған, іргелі бағыттардың бірі болмақ. Жиынға жиналған қоғам қайраткерлері мен белсенділері және зиялы қауым бұл жобаның мән-маңызын айқындай түсті.
Берік Әбдіғалиұлы, «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі:
- «Қазақтану» жобасына қолдауымызды білдіреміз. Себебі, басқа этнос өкілдері Қазақ елінің тарихын, тілін білсе, бұл еліміздегі тұрақтылықты одан әрі нығайта түседі. Бұл – тұрақтылық кепілі. Ал, қазақ мемлекетті құраушы ұлт болуы қажет. Сондықтан, біз еліміздегі бейбітшілікті сақтап, елімізді одан әрі дамыта түсуіміз керек. Ассамблеясының үлкен жобасының мақсаты бір.
Жоба аясында «Рухани жаңғыру шеңберіндегі Қазақтану мәселесі», «Қазақстантану және қазақтану: ұғымдардың арақатынасы» тақырыптары бойынша баяндамалар оқылды. Шара шеңберінде «Жер тарихы – ел тарихы» экспедициясы ұйымдастырылды.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.