Қарағандыда «Men Qazaqpyn» халықаралық мега жобасының облыстық іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Ұлттық өнерді дәріптеген рухани шараға өңірдің түкпір-түкпірінен өнерпаздар қатысты. Жобаның республикалық кезеңінде облыс намысын кімдер қорғайды?
Бұған дейін облыстағы 9 қала мен 9 ауданда өткен алғашқы іріктеуге 118 үміткер қатысқан еді. Оза шапқан 30 өнерпаз өңірлік байқауда бақтарын сынады. Дәстүрлі ән аталымы бойынша Шет ауданының өнерпазы Еркебұлан Ахметов жеңіске жетті. Күйшілер арасынан қарағандылық Айдар Омарбеков көпшілік пен қазылар алқасының көңілінен шықты. Ал, терме аталымында бас жүлдені Жезқазған қаласынан келген Сағымбай Мәлібеков иеленді.
Сағымбай Мәлібеков, Терме аталымы бойынша жеңімпаз:
- Намысты қолдан бермеуге тырысамыз. Қанша дегенмен, «бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді ғой. Бүгін енді бақ шапқан шығар. Алдағы уақытта енді бап шабу керек деп ойлаймын.
Кеншілер шаһарында өткен облыстық іріктеуге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин арнайы қатысты. Ұлттық арнаның мұрындық болуымен мега жоба осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.
Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл жобаға түрткі болған Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» атты мақаласы еді. Биыл Елбасы ұлттық өнерімізді қолдап, насихаттауға тағы бір үлкен жаңа ұсынысымен шықты. Елбасымыз өз Жарлығымен жаңа ұлттық мерекемізді бекітіп берді. Шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталатын болады.
«Men Qazaqpyn» халықаралық мега жобасының мақсаты елдің түкпір-түкпірінде жүрген таланттарды тауып, оларды елге таныту. Осыған дейін республиканың 180 елді мекенінде іріктеу сындары өтіп, оған 1500 өнерпаз қатысқан. Жобаға Моңғолия, Қытай, Ресей, Қырғыз елдерінің кей аймақтарындағы өнерпаздарды да тарту жоспарланған. Бұл байқаудың аз уақытта кең ауқымға ие болғанын көрсетеді.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.