Қапшағайда казино қызметкерлері аштық жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қапшағайда казино қызметкерлері аштық жариялады

14.06.2018

Алматы облысы Қапшағай қаласындағы «Алма city» казиносының 400 қызметкері 4 күннен бері аштық жариялап жатыр. Олар 3 айдан бері айлықтарын бермеген басшылығынан өздеріне тиесілі жалақыларын талап етеді. Құмар ойын кешенінің иесі 130 миллион теңгеге жуық қарыз. Алайда, оларға түрлі сылтаулар айтып, уәделерін үйіп-төккен басшылары қазір ізім-ғайым жоғалды. Ал, казино жабылып қалған. Тіпті, «сатылымға қойылған», дейді ойынхана қызметкерлері.

Жалдамалы пәтерлері мен несиесін төлей алмай қиналған жұмысшылар қазір казино ғимаратында тұрып жатыр. Бұл жер амалдары құрыған олардың бір айдан бері тұрақты баспанасына айналған. Себебі, «бала-шағамен барар жер, басар тауымыз жоқ», - дейді олар.

Әсел Күбенова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

- Бастықтарды шақырыңдар, бізбен сөйлессін деген кезде, олар шықпай қойды. Бізді елеп-ескермеді.

Ойын ғимаратына жиналғандардың барлығы жылдар бойы казинода қызмет еткендер. Олар 3 айдан астам уақыт жалақыларын алмаған.

Назым Ахметова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

- Жалдамалы пәтердің ақшасын төлеу үшін несие алдық. Не пәтеріміз жоқ, не несиемізді төлей алмай отырмыз.  

Толқын Шайбозова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

- Бізде мұндай кешіктірудің болып жатқанына 3 жыл болды. Ол 3 айлық кешіктіру емес. Сосын адам деген көне береді. Жұмыс керек болған соң жүре бердік.

Қазір не істерін білмей амалдары құрыған казиноның бұрынғы қызметкерлері аштық жариялап, төрт күннен бері нәр татпаған.

Міне, дәл қазір көріп тұрғандарыңыздай казиноның ішіне орналасқан адамдардың бірі есінен танып құлап, көз алдымызда жедел көмек келді. Мына адамды дәрігерлер ауруханаға әкетіп бара жатыр.

Қазір осы жағдай бойынша арнайы штаб құрылып, құзырлы орган өкілдері ғимараттағы жағдайды бақылауға алды.

Керімбек Жаншабай, облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының бастығы:

- 2018 жылғы 22-30 мамыр аралығында Қапшағай қаласы әкімдігімен «Алма city» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тексеріс жүргізілген. Тексеріс кезінде ұсынылған құжаттарға сәйкес, жеке еңбек шартынсыз жұмыс істейтін тұлғалар анықталды.

Ал, жағдайы ушыққан жұмысшылар «ақшамызды алмайынша, тыныштық таппаймыз» деп отыр. Сондықтан, аштықтың қашанға дейін жалғасатындығы әзірге белгісіз.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу