Кітапханалар заманауи білім орталықтарына айналады – М.Әшімбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кітапханалар заманауи білім орталықтарына айналады – М.Әшімбаев

11.06.2018

Шалғай елді мекендердегі кітапханалардың жұмысын ілгерілету үшін Алматыдағы кітапханашылардың мол тәжірибесін енгізу қажет. Сала мамандарымен жүздескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осыны жеткізді. 

Мәулен Сағатханұлы Жамбыл атындағы жасөспірімдерге арналған кітапхананың қызметкерлері және оқырмандармен кездесіп, елдің рухани құндылығын түгендеуге бағытталған іргелі істерді салмақтады.

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда партия тарапынан қолға алынған тың жобалар аз емес. Мәселен, елдегі кітапханаларды жаңғыртып, қазіргі заманғы білім орталықтарына айналдыру - басты міндеттердің бірі. Сондықтан, Мәулен Сағатханұлының сөзінше, алдағы уақытта шалғай ауылдардағы кітапханалардың әлеуетін көтеру үшін қыруар жұмыс күтіп тұр. Осы бағытта ірі мегаполистегі мол тәжірибені елді мекендерге енгізу қажет.  

Мәулен Әшімбаев,  «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы ең үлкен мақсаттардың бірі - елімізде білімге деген құштарлықты қалыптастыру. Сондықтан, осы бағытта біздің партиялық жобамыз кітапханаларды жаңғыртуға бағытталған. Осының аясында кітапханаларды заманауи білім орталықтарына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бірден 4000 кітапхананы өзгертіп жіберу қиындау болатын шығар, бірақ, кезең-кезеңімен жұмысты бастап жатырмыз.  

«Мұндай орталықтарды жаңғыртуға бағыталған жұмысты «Нұр Отан» партиясының қолға алуы жас кадрлардың таңдаған мамандықтарына деген сенімін арттырды», - дейді мамандар. Ал, қазір кітапханашылар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын енгізуге күш жұмсап, оқырман игілігіне жарату үшін жаңа жобаларды іске асыруға ден қойды.  

Жантас Еркінұлы, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:

- Қазіргі таңда біздің кітапхананың жанынан интеллектуалды клубтар, әдеби кітапқұмарлар клубтары жұмыс істейді. Тәуелсіз еліміз бәсекелестікке қабілетті болуы үшін осындай тың идеялар, жақсы жағдай, кітапханалар керек деп ойлаймын.

Алматыға сапары кезінде Мәулен Әшімбаев «Милосердие» ерікті қоғамының» қамқоршылар кеңесінің отырысына да қатысты. 2006 жылдан бері жұмыс істейтін ұйым 1613 науқас балаға көмек көрсеткен. Сондай-ақ, аутизм дертіне шалдыққан баланы тәрбиелейтін 500-ден астам отбасына көмек қолын созған. Ерекше күтімді қажет ететіндерге инклюзивті білім алуы үшін әлі де көп жұмыс істелу керек. Сондықтан, Мәулен Сағатханұлы осы бағыттағы іске мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның күшін біріктіру партияның басты назарында болатындығын айтты.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу