«iKomek» орталығына күніне 5 мыңға жуық қоңырау түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«iKomek» орталығына күніне 5 мыңға жуық қоңырау түседі

07.06.2018

Бұған дейінгі жаңалықтарымызда Астанада «iKomek» атты «Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» құрылғандығы туралы айтқан едік. Ол арқылы елордалықтардың әлеуметтік желілерде жазған арыз-шағымдарына мониторинг жасалып, тиісті жеріне жеткізіледі. Осы жолы жобаның нәтижесіне зер салдық. Жаман емес. Күніне мыңдаған қоңырау шалынып, арыз-шағым түседі екен.

Нұрхан «iKomek»-тің көмегін көргендердің бірі. Мәселесін айтып, есік жағалап, құжат толтырып сабылған жоқ. Істі алақандағы телефонымен-ақ тындырды.

Нұрхан Тәртіп, студент:

- Мен Жеңіс даңғылы, 5 көшесінде тұрамын. Көрші әжелер аулада жарық жоқ екеніне наразы болатын. Мен «Facebook»-тен «iKomek»-ті көріп, суретке түсіріп, жібердім. Жарық қойып берді.

Жалпы, «iKomek»-ке күніне 5 мың қоңырау түседі. Тұрғындар арыз-шағымдарын айтады, оператор оң шешімін көрсетеді. 60 қызметкер ауысыммен телефонның тұтқасында отыр. Орталық 500-ге жуық бағыт бойынша қызмет көрсетеді. «Сергек» камералары арқылы қаладағы тәртіпті бақылап отыратыны тағы бар. Ал, осы «iKomek»-ке әлеуметтік желілер арқылы шыға аласыз. Мәселен, мессенджер арқылы және «Telegram»-нан да табасыз.

Бұдан бөлек, «Smart Astana» қосымшасы арқылы мәселеңізді жазып, тіпті, фотоға түсіріп жіберсеңіз де болады.  Тағы бір тың тетік. Енді, «iKomek»-тің аясында жобалау кеңсесі ашылған. Ол арқылы сіз қаладағы құрылыстардан хабардар болып отырасыз.

Жалпы, бұл АҚШ-тың тәжірибесінен алынған тетік. Нәтижесі, қазірдің өзінде жаман емес. Жыл басынан бері жоғарыда айтылған жолдар арқылы 300 мыңға жуық тұрғын арыз-шағымын қалдырған. Сәйкесінше, әкімдікке барып, басқармалардың есігін қағып, қағаз бен құжат толтырып әуре болмайсыз. Бұрын күніне 5 мың адам солай істейтін. Қазір  мыңнан сәл асады. Сондай-ақ, «Facebook» пен  «Instagram»-дағы астаналықтардың топтарына да мониторинг жүргізілетін болды. Демек, сіздің жазбаңыз оқылады және оң шешімін табады.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу