Енді астаналықтардың әлеуметтік желілерде жазған арыз-шағымдары назардан тыс қалмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді астаналықтардың әлеуметтік желілерде жазған арыз-шағымдары назардан тыс қалмайды

17.04.2018

Өйткені, олардың барлығына мониторинг жасалып, тиісті жеріне жеткізіледі. Қалалық «Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» құрылғандықтан, осындай оң шешім шығарылған. Орталықтың қысқаша атауы - «iKOMEK». Одан расында көмек бар ма? Қызметті қолдану жолдары қандай?

«iKOMEK»-ке күніне  5 мың қоңырау түседі. Тұрғындар арыз-шағымдарын айтады, оператор оң шешімін көрсетеді. 60 қызметкер ауысыммен телефонның тұтқасында отыр.

Сая Сақтапбергенова, 109 Интелектуалдық байланыс орталығының директоры:

- 2017 жылы 460 мың шағым мен өтінім қабылдасақ, осы жылы қаңтар айынын бастап, 220 мың арыз-шағым қабылдап үлгердік.

Астаналықтар білу тиіс. Бұрын «109»  кезекшілік нөміріне хабарласуға болатын және 55-66-55 нөміріне қоңырау шалып, әкімдіктегілермен тілдесетін. Ал, «iKOMEK» сол тетіктердің қосындысы. Тек, ол ғана емес. Орталық 415 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. «Сергек» камералары арқылы қаладағы тәртіпті бақылап отыратыны тағы бар. Ал, осы «iKOMEK»-ке әлеуметтік желілер арқылы шыға аласыз. Мәселен, мессенджер арқылы және телеграммнан да табасыз. Бұдан бөлек, «Астана» смарт қосымшасы арқылы мәселеңізді жазып, тіпті фотоға түсіріп жіберсеңіз де болады.

Жаннат Дубирова, қалалық Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының директоры:

- Біз қоңырау шалынған сәттен бастап барлық арыз-шағымдардың 85 пайызын дер кезінде шешу керекпіз. Осындай мақсат қойдық. Яғни, сіз қоңырау шалсаңыз, басқа бөлімдерге жолдамай, бірден мәселеңіздің шешім жолдарын көрсетуге тырысамыз.

Жалпы, бұл АҚШ-тың тәжірибесінен алынған тетік. Нәтижесі қазірдің өзінде жаман емес. Жыл басынан бері жоғарыда айтылған жолдар арқылы 200 мыңнан аса тұрғын арыз-шағымын қалдырған. Сәйкесінше, әкімдікке барып, басқармалардың есігін қағып, қағаз бен құжат толтырып әуре болмайсыз. Бұрын күніне 5 мың адам солай істейтін. Қазір  мыңнан сәл асады. Сондай-ақ, Фейсбук пен Инстаграмдағы астаналықтардың топтарына да мониторинг жүргізілетін болды. Демек, сіздің жазбаңыз оқылады һәм оң шешімін табады. Айта кетейік, Астана «iKOMEK» орталығымен аттас тағы бір «iKOMEK» деген сантехникалық қызметке негізделген қосымша бар. Бірақ, оның әкімдікке мүлде қатысы жоқ.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу