Алматыда жас қызметкерлер арасында «Тіл шебері» атты байқау өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жас қызметкерлер арасында «Тіл шебері» атты байқау өтті

01.06.2018

«Тіл шебері». Осындай атаумен Алматыда жас қызметкерлер арасында байқау өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болған шарада жастар ұлттық және елтаным, өнер мен мәдениет номинациялары бойынша бақ сынады. Шартқа сай, қатысушылар қазақ, орыс және ағылшын тілін жетік меңгерген. Сондықтан, әр кезеңде сұрақтар мен тапсырмалар үш тілде берілді.

Жанат Жақыпбек - 24 жаста. Ол - қалалық Алатау әкімдігі аппаратының Ұйымдастыру және құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы. Жас қызметкер жарысқа бір жыл бойы дайындалған екен.

Жанат Жақыпбек, байқауға қатысушы:

- Ана тілім - қазақ тілі. Екінші жетік меңгерген және еркін сөйлейтін тілім - орыс тілі және ағылшын тілі. Ағылшын тілін мектепте және университет қабырғаларында оқыдық. Жетік білемін деп айта аламын.

Жыл сайын жергілікті билік тарапынан ұйымдастырылатын тегін қазақ тілі курсына 700 адам, ал ағылшын тіліне 300 азамат қатысып, тіл үйренеді. Әлбетте, оған қатысатындардың дені - жас мемлекет қызметкерлері.

Тіл мамандарының пікірінше, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге арналған жоба жастарға серпін берген. Өйткені, дәстүрлі байқауға қатысуға ниет етіп, өтініш білдіретіндердің саны да сәт сайын еселеніп отыр.

Бақыт Қалымбет, қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Байқаудың мақсаты – қазіргі Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлерінің бейнесін таныту. Яғни, үш тілді қатар меңгерген, мәдениеттен, өнерден, ұлттың тарихынан хабары бар жан-жақты мемлекеттік қызметшінің бейнесін көрсету.

«Үш тұғырлы тілді» меңгеру - әлемге жол ашады. Байқауға келген жастар осыны айтты. Олардың сөзінше, мемлекеттің осы саясаты - қазіргі заман талабы. Оған қоса, бәсекеге қабілетті болудың алғы шарты. Тағы айта кетерлігі, қала әкімдігі «Kaztest» жүйесіне жыл сайын диагностикалық бақылау жасайды. «Ал, биылғы тексеру нәтижесіне сәйкес, мемлекеттік тілде сөйлейтін жастардың саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көп», - дейді мамандар.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу