Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай Сырдарияның сол жағалауынан жаңа мөлтек аудан пайдалануға беріледі. Астананы табиғи газбен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыру жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылады. Осы жəне өзге де аймақ үшін маңызды мəселелер туралы облыс əкімі Қырымбек Көшербаев «Əкім сағаты» бағдарламасында айтты. Екі сағатқа созылған тікелей эфир кезінде СаІІ-орталыққа 300-ге жуық сұрақ түскен.
Соңғы бес жылда Қызылорда қарқынды дамыды. Қазір еліміз бойынша алдыңғы қатарлы 5 аймақтың бірі. Өңірде биыл ірі жоба жүзеге асырылмақшы. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырымен Сыр елі арқылы Астанаға жеткізіледі. Ол Қызылордадағы «Қараөзек» компрессорлық станциясы арқылы жүзеге асырылады.
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
- «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысын ағымдағы жылдың шілде айында бастауды жоспарлап отыр. «ҚазТрансГаз» АҚ басшылығымен кездесу барысында жобаны жүзеге асыру кезінде жергілікті тұрғындарды құрылыс-монтаж жұмыстарына тартуға алдын ала келісімге қол жеткіздік.
Дарияның арғы бетінен жаңа қала бой көтеруде. Шығыстық шырайдағы шаһардағы алғашқы 15 көпқабатты тұрғын үй биыл күзде пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, сол жағалаудан физика-математика мектеп-интернаты салынады. Облыс әкімі білімді жастарды қолдайтындығын айтты. Қазір 500-ге жуық қызылордалық жас Мәскеу мен Санкт-Петербордың техникалық жоғарғы оқу орындарында Ресей гранты есебінен білім алып жатыр. Биыл соның 45-і елге оралады, олар міндетті түрде жұмыспен қамтылады. Қыркүйек айында сол жағалаудан ІТ-парк ашылады.
Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:
- «Майкрософт» компаниясымен бірге іске асырып жатқан жобамыз бар. Әкімнің грантымен осындай мамандыққа ие болуға әлеуметтік жағдайы төмен, бірақ, талабы зор ауылдық жастарға жағдай жасау сияқты көптеген жобаларға кірісіп кеттік.
Жалпы, облыс тұрғындарынан білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй алу мәселелеріне қатысты көптеген сұрақтар қойылды. Соңғы бес жылда тұрғын үй құрылысы аймақта екі есе артқан. Тек қаланың өзінде 14 жаңа мөлтек ауданы бой көтерді. Хабарға облыс жұртшылығы белсенді қатысты. СаІІ-орталыққа және телефон арқылы 261 сұрақ түсті. Соның 71-іне тікелей эфир кезінде жауап берілді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ