Аймақтарда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар өтуде

31.05.2018

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатыр. Жұртшылық  қаны нақақ төгілген ата-бабалар рухына тағзым етті. Бізбен аймақтағы тілшілеріміз тікелей байланысқа шықты.

Нәубет жылдарды еріксіз еске түсіретін Шымкенттің шығаберісіндегі бұл жерді жұрт «Албасты сай» деп атайды. Көнекөз қариялардың айтуынша, нақақтан жала жабылып, «халық жауы» атанғандарды осындағы жарқабақтың басына тізіп қойып атқан екен.

Жазықсыз жазаға іліккендер жендеттің жетегінде келіп, осы жақтан кері қайтпаған. Жылдағыдай биыл да осы «Албасты сайдағы» «Қасірет» мемориалына жұртшылық көп жиналды. Олар бабалар рухына тағзым етіп, «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Жалпы, өткен ғасырдың 37-ші жылдарындағы зобалаңда Оңтүстік Қазақстан облысынан 7 мыңнан астам азамат қуғынға ұшырады. Оның 2,5 мыңы ату жазасына кесілді.

Сондай-ақ, Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін мұражайы жылда респрессия құрбандарының ұрпақтары жиналатын тағы бір орын. Еліміз бойынша алғашқы болып ашылған бұл мұражайда бүгінде 15 мыңға тарта құжат жинақталған.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға байланысты өңірдегі жоғары оқу орындарында да  кешеден келелі жиындар өтіп жатыр. Басқосуларда тарихтың ақтаңдақ беттері тағы екшеліп, ұлт зиялыларының  еңбектері сараланбақ.

Назерке Тоқжан, тілші:

Қазір Оралдың биік нүктесі Желтаудың басында тұрмыз. Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары дәл осы жерден бастау алды. Бұл күннің халқымыз үшін маңызы ерекше. Бір ғана Батыс Қазақстан облысынан 1700-ден астам адам репрессияға ұшыраса, соның 125-і ату жазасына кесілді. Әрине, бұл статистикалық дерек қана. Оның артында қаншама талқандалған тағдыр, жетім мен жесірдің көз жасы жатыр. Сондықтан, жиналған жұртшылық жазықсыз жапа шеккендерді еске ала отырып, мұндай нәубеттің болмауын тіледі. Құрбандардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Серікқали Әнесов, тарихшы:

- 2 млн. 100 мың деп айтады, қазақ халқының 40 пайызы дейді. Бірақ, есепсіз, далада қалғандары өте көп. Сондықтан, бүгін біз оларға тағзым етіп, ұрпақ паразын орындауға келдік.

Зобалаң жылдар Алаш жұртын арыс азаматттарынан айырды. Сондықтан, ұлт мақтаныштарын ұлықтау бір күнмен шектелмейді. Олардың күреске толы өмірі, өнегесін дәріптеу алдағы уақытта да жалғаса бермек.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ, Назерке ТОҚЖАН

Хабарламаларға жазылу