31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31.05.2016
31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31 мамыр - ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл дата 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді. 

Бұл шара - жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы. 

Жалпы, зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 25 мыңы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. 

Қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасты. 
Атаулы күнге орай жыл сайын еліміздің әр аумағында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. 

Биыл 31 мамыр қарсаңында «АЛЖИР» мұражайында тұтқындардың жеке заттары мен бірегей материалдарының көрмесі ашылды. Көрмеде көпшілік назарына ақтау туралы анықтамалар, тұтқындардың хаттары, олардың киімдері мен тұрмыстық заттары ұсынылды. 

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық музейінде «ҚАРЛАГ» архипелагы» атты заманауи өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қазақ халқы үшін айрықша маңызға ие. Қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну - бүгінгі ұрпақ парызы.

Хабарламаларға жазылу