Халық саны 2 мыңнан асатын ауылдардың өз бюджеті пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халық саны 2 мыңнан асатын ауылдардың өз бюджеті пайда болды

30.05.2018

Биылдан бастап халық саны 2 мыңнан асатын ауылдардың өз бюджеті пайда болды. Бұл өзгерістер «100 нақты қадам - Ұлт жоспарына» сәйкес жүзеге асуда. Батыс Қазақстан облысында 42 ауылдық округ пен бір моноқала, екі кент жергілікті өзін-өзі басқарудың осы жүйесіне көшті. Жиналған 3 млрд. теңге  енді ауылдардағы бірқатар мәселені шешіп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға жұмсалмақ.

Қала іргесінде орналасқан Трекино ауылдық округінде 6 мыңға жуық адам тұрады. Ауылда 38 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Соңғы ашылғаны орталық көшедегі мына дүкен.

Мұрат Хабиев, кәсіпкер:

- Халыққа қызмет көрсетеміз. Күнделікті тамақтарын алады. Жұмыс жүріп жатыр. Салықты уақытылы төлеп тұрамыз. Ай сайын 65-70 мың.

Ауыл бюджеті Азамат сияқты кәсіпкерлердің салығынан бөлек, жер мен мүлік, көлік пен табыс салығы, өзге де алымдардан құралады. Биыл ауыл қазынасы 24 млн. теңгеге толықса, оның 9 млн-ы мемлекеттен субвенсия ретінде берілген. Жергілікті билік бұл қаржыны қалай жұмсайтынын ауыл қарияларымен ақылдасып шешті. Қоғамдық кеңес мүшелері алдымен абаттандыру, көшелерге жарық шамдарын орнату қажет деп тапты.

Қуаныш Таубай, ауыл тұрғыны:

- Өзіміздің ойымызды айту, ақылымызды айту. Жалпы, түсіп жатқан ақша аз болса да, соны тиімді пайдалану керек. Көшелердегі ойық, шұңқырларды тегістеу сияқты. Ал, енді үлкен трассадан 2 км жерде тұрмыз. Ол енді үлкен қаржыны талап етеді.

Асхат Нағимов, ауыл тұрғыны:

- Өткен жылдың маусым айында көшіп келдік. Ауылымыз өзімізге ұнайды. Енді балаларға балақша салынса деймін.

Жол, балабақша сияқты күрделі құрылыстарды салуға жергілікті бюджеттің түсімі аздық етеді. Сондықтан, кірісті молайту тікелей ауыл атқамінерлерінің қарым-қабілетіне байналысты болмақ.

Дәулет Убаев, ауыл әкімінің орынбасары:

- Бұрындары алыс жүргенбіз. Қазір кімнен қандай салық түсіп жатыр, кім бермей отыр, соның бәрін есепке алып, бәрімен сөйлесудеміз. Дача ауылына жеке кәсіпкер теміржол сервисін салайын деп жатыр. Бұдан бір жағынан салық түседі. Екіншіден, жұмыссыздықты азайтады.

Қазір қалаға үдере көшкендер азайды. Тұрғындар ауылдың жағдайы жақсарады деп сенеді. Сондықтан болар, құрамына 4 елді мекен кіретін округтің аумағы күн санап ұлғайып келеді.

Жуырда кезекте тұрған 350 ауыл тұрғынына жер телімдері үлестірілді. Демек, 2-3 жылдың ішінде ауыл шетіндегі 3 гектар аумақта жаңа ықшамаудан бой көтереді деген сөз.

 

Назерке ТОҚЖАН

Хабарламаларға жазылу