Зейнетақының зейнетін көре аламыз ба?

29.05.2018

Биылдан бастап салымшының зейнетақы қорындағы ақшасы ай сайын беріле бастады. Яғни, зейнеткер өз жинағын бұрынғыдай 200-500 мың теңгелеп, ірі көлемде ала алмайды. Бұл көпшіліктің наразылығын тудырып отыр. Мемлекеттік органдар болса, «бұл қадам зейнеткердің күнделікті тұрмысын лайықты қамтамасыз ету үшін жасалды» деп, заңды алға тартады. Ал, заңдағы өзгерістерге кейбір экономистер қарсы.

Шалқар Қойлыбайқызы бір жылдан кейін зейнетке шығады. Төрт баласынан өрбіген немерелерінің қызығын көрмек. Қорында 1 млн. теңгеден астам ақшасы бар. Бірақ, биылғы өзгерістен кейін бейнетінің зейнетін көре алмаймын ба деп алаңдайды.

Шалқар Жанысбаева, қала тұрғыны:

- Зейнетақы қорымда біраз ақшам бар. Қазіргі жүйе дұрыс емес деп ойлаймын. Ол жүйе бойынша ақшамызды бөліп тастапты. Ал, мен ол ақшаны бір-ақ алғым келеді.

Көшедегі көпшілік те бұл өзгеріске қарсы пікір білдірді.

Зейнетақы қорындағы ақшаны ай сайын беру туралы шешім бүгін қабылданған жоқ. Осыдан үш жыл бұрын «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Бұған не түрткі болды?

Маржан Жаумитова, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

- Осы өзгерістің негіздемесі «Зейнетақы жүйесін жаһандандыру туралы» концепциясы бар. Президент Жарлығымен 2030 жылға дейін бекітілген. Бүгінгі күні бюджеттен алатын барлық зейнетақыны зейнеткерлеріміз ай сайын алып отырады. Ал, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшетін болсақ, мұнда осындай негізгі принциптер негізге алынған және әлемдік тәжірибе есепке алынып отыр.

Мұрат Шәріпов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ қалалық филиалының директоры:

- Әр азамат ақшаны бірден алып кетуге ұмтылып тұрады, көп азамат сол ақшаны бірден жаратуға да дайын болып тұрады. Ал, ертеңінде оларға қиындық тууы мүмкін.

Ал, егер «ойда-жоқта о дүниелік болып кетіп жатсам, қордағы миллиондарым қайда қалады?» деген сұрақ әркімді де мазалайды.

Мұрат Шәріпов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ қалалық филиалының директоры:

- Зейнетақы қорындағы жиналған ақша мұрагерлікке қалдырылады. Немесе өсиет бойынша беріледі.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

-Қордағы ақшаны қай уақытта түгел алуға болады? Біріншіден, азаматтық ауыстырып, шетелге көшіп жатсаңыз; екіншіден, жинақ мөлшері 405 мың теңгеден аз болса, үшіншіден, жинақ сомасы әйелдер үшін - 13 млн. ерлер үшін 9 млн. теңге болғанда ғана біржола алуға құқылысыз. Алайда, мамандар «ай сайын бөлінетін ақшаны инвестициялық табысымен бірге тоқсан не жылына бір жинап алған тиімді», - дейді.

Депутаттар бұл мәселеге оптимистік тұрғыдан қарайды.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл құқықтық-нормативтік акті арқылы ғана жүзеге асырылып отыр. Сондықтан, заңнамалық тұрғыдан бұған өзгеріс жасаудың қажеті жоқ. Егер де Ұлттық банк тиісті қаулы қабылдайтын болса, өзгеріс жасайтын болса, онда қайтаруға болады.

Бұл пікірмен экономистер келіспейді. Мәселені Ұлттық банктің бір қаулысы шеше алмайды. Бұған салмақты заң қажет.

Жангелді Шымшықов, экономист-сарапшы:

- Зейнетақы салымшыларының ой-пікірін ешкім есепке алып жатқан жоқ. Зейнеткердің өз есебі бар. Заң шығарушы ұйым заң шығаруға тиісті. Зейнеткерге құқық беру керек. Аламын десе, біржола алсын.

Ал, Шалқар Қойлыбайқызы зейнетке шыққанынша, заң өзгереді деп сенеді. Қалай болғанда да зейнеткердің құқығы ескерілуі тиіс.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу