Алматыда менингококк инфекциясынан 4 адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда менингококк инфекциясынан 4 адам қайтыс болды

28.05.2018

Алматыда менингококк инфекциясының таралуы әлі тоқтамай тұр. 10 күнге жуық жұрттың мазасын қашырған қауіпті вирусты жұқтырғандардың алды ауруханаға 19 мамырда жеткізілген еді. Осы уақытқа дейін 29 адам жұқпалы дертпен ауырған. Олардың 6-ына клиникалық тұрғыда диагноз қойылған. Ал, өткен аптада қауіпті кесел 4 адамның өмірін жалмады. Ал, бүгін тағы бір оқушының «сероз менингитіне» шалдыққаны анықталды.

Алматыдағы №165-ші мамандандырылған лицейінің 5-ші сынып оқушысы 24-ші мамыр күні ауруханаға түскен. Ал, мектеп директоры оның соңғы рет мектепте 22-ші мамыр күні болғандығын айтады. Баланың қызуы көтерілгенін байқаған ата-анасы оны сабақтан сұрап алған.

Құралай Ошанова, № 165 мамандандырылған лицейінің директоры:

- 24-ші мамыр күні біз денсаулық сақтау департаментінен осы ақпаратты алдық. Бізге балаға «сероз менингиті» деген диагноз қойылды деп айтылды. Бірақ, қазіргі күнде міне 4 күндік ем алып қызды шығарып жатыр. Диагнозы жақсы.

Осыдан кейін мамандар мектепке оқушылардың дене қызуын тексеріп қана кіргізуде. Ал басы ауырып немесе жөтел белгісі байқалғандарға медициналық маска беріліп, менингитке сынама алынып жатыр. Өйткені, өткен аптада Алматыда осы дерттен 4 адам қайтыс болды. Солардың бірі - Көлік және коммуникация академиясының студенті. Көз жұмған студент жатақханада тұрған. Науқас ауруханаға жеткізілгенімен дәрігерлер ажалдан арашалап ала алмады. Ал, қайтыс болған студентпен бірге бір бөлмеде тұрған тағы бес адам ауруханаға түсті.

Дәмеш Қыдыралиева, мейірбике:

- Қасында бөлмесінде 5 бала болған. Соның бесеуі тексеру кезінде қызулары көтеріліп, сол күні ауруханаға жатқызылды. Қазір олардың анализдерінің нәтижесін күтіп жатыр.

Оқу корпусы мен жатақханада медбикелер «күндіз және түнгі кезекшілік» жасап, барлық студентті тексеруге кірісті. Ал, мамандар қауіпті індеттің қайдан таралғандығын әзірге нақты анықтай алмай отыр. Сондықтан, қала тұрғындарына адам көп шоғырланатын жерге бармауға кеңес беріп жатыр. Өйткені, вирус ауа арқылы жұғатындықтан, «Тұмау белгілері байқалса, тез арада дәрігерге қаралу керек»,-дейді дәрігерлер.

Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері қазір күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Осы уақытқа дейін менингит дерті анықталған адамдармен тығыз қарым-қатынаста болған 2160 адамнан сынама алынған. Олардың 231-інің нәтижесі әлі тексеріліп жатыр.  

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу