Кәсіпкерлікті дамытуға 100 миллиард теңге несие бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлікті дамытуға 100 миллиард теңге несие бөлінді

17.04.2014
Кәсіпкерлікті дамытуға 100 миллиард теңге несие бөлінді
Бүгін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» шағын және орта бизнес субъектілерін дамыту үшін 100 миллиард теңге бөлді. Бұл Мемлекет басшысының экономикаға қолдау көрсету және оның өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету туралы тапсырмасын іске асырудың алғашқы қадамы.
 
Холдингтің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» осы қаражатты үлестіру үшін екінші деңгейлі 13 банкпен несие келісіміне қол қойды. Қаржының жартысы - жаңа жобаларға, жартысы - жұмыс істеп тұрған қарыз алушыларды қайта қаржыландыруға жұмсалады.
 
Енді өз кәсібін өрге домалатқысы келген тұлғалар жылдық сыйақы мөлшерлемесі небәрі 6 пайызбен 1 миллиард 850 миллион теңгеге дейін несие ала алады.
 
Бағдарлама аясында банктер несие үшін комиссия, айыппұл, өсімпұл түрлерін алуға тыйым салынады. Қаржы Ұлттық қордың ресурсы болғандықтан отандық тамақ, тоқыма, металлургия, машина жасау өнеркәсіптеріне беріледі. 
 
Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанда жасалған өнімдерді көбейту. Бизнес жобасы бар кез-келген азамат қолжетімді несиені игере алады. Жаңадан ашылған өндіріс орындарына «Даму» қоры мониторинг жасап, қадағалайтын болады.
 
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы:
Ұлттық қордан «Даму» қорына 20 жылға несиені беріп отырмыз. Өз кезінде «Даму» сол қаржыны 20 жылға береді. Ал, екінші деңгейлі банктер 10 жылға дейін шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін болады.
 
 
Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу