Астанада жел ұшырған батуттан жарақат алған 5 бала әлі ауруханада жатыр. Бір қыз бала жансақтау бөлімінде қалып отыр. «Қазір комадан айыққан оның жағдайы ауыр», - дейді дәрігерлер. Ал, 4 баланың екеуі - травматология, екеуі – нейрохирургия бөлімшелерінде дәрігерлер бақылауында. Айта кетейік, осыдан 6 күн бұрын қатты желдің әсерінен батут аударылып, 5 бала зардап шекті. Олар бірден қалалық аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Екеуі - ер, үшеуі қыз бала. Әзірге олардың ауруханадан қашан шығары белгісіз.
Біржан Досмаилов, №2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері:
- Бір балаға бас-ми жарақаты, екінші балаға іш құрылысындағы жарақаты бойынша операция жасалды.
Осы оқиғаға орай Қылмыстық кодекстің 306-бабы, 2-тармағына сәйкес сот алды тергеу басталды. Елімізде мұндай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ. Осыдан 7 жыл бұрын Маңғыстауда дәл осындай жағдай болып, 14 бала зардап шекті. Бір қыз бала 3 ай комада жатып, қайтыс болды. Әр жылдары Павлодар, Степногорск, Астана қалаларында да батут аударылып, балалар әр түрлі жарақат алған.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ