Оның қызметі мүмкіндігі шектеулі жандарды жан-жақты демеп, мәселелерінің оң шешімін табуға бағытталған. Жыл сайын мамырда халықаралық мүгедектер құқығын қорғау күні атап өтіледі. Бұл мейрам Еуропа елдерінде 1992 жылдан бері ескеріліп, түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Қазақстанда да бұл күн назардан тыс қалған емес.
Алмаз Ержанов арбаға танылса да, мүмкіндіктер мінберінде тік тұр. Өйткені, ол еңбекке, күреске құштар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыстық тауқыметін, күрмеулі мәселелірін, қоғамның кері көзқарасын ашық әрі үлкен аудиторияға батыл жазған әлі де айтып келе жатқан алғашқы блогер де осы - Алмаз Ержан. Ол «Еламан» атты әлеуметтік инновациялар жобалар қорының негізін қалады. Мұндай қордың елде әлі баламасы жоқ.
Сондай-ақ, Алмаз қайсар жандарға негізделген түрлі жобаларды іске асырып келеді. Міне, ол инклюзивті дизайн орталығын құрды. Бұл мүгедектерді жан-жақты демеуге арнаған орын. Бір орталықтың аясында талай үлкен жобалар бар.
Инклюзивтік дизайн орталығының ашылу рәсімі шағын құрамда әрі үлкен салтанатсыз басталды. Дегенмен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова осы шараға арнайы келді. Қайсар жандардың бастамасын қуаттап, жоспарлы істерімен танысты.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Біз өз тарапымыздан бұл тәжірибені қолдап, ары қарай дамытуға тырысамыз. Мәселен, мына жердегі азаматтар «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан. Оларға мемлекет тарапынан 60 мың теңге айлық беріледі. Бұл бастапқыға жақсы демеу.
Жалпы, бұл орталықта қазірдің өзінде онға жуық адам еңбек етеді. Болашақта әртүрлі бағыттағы жобалары іске асқанда табыс та, жұмыс орындары да көбеймек. Бұл мемлекетке қол жайып, бюджеттің бүйірін соратын орталық емес. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың адал еңбек етіп, бәсекеге түсетін тетігі.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.