Отан үшін от кешкендер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отан үшін от кешкендер

08.05.2018

Ел басына күн туған заманда қолына қару алып, қан майданда соғысқан жауынгерлердің арасында Сыр бойының азаматтары да аз болған жоқ. Оған қоса 6 мыңға жуық қызылордалық тылда елдіктің үлгісін көрсетті. Алайда, қанды шайқас куәгерлерінің қатары жылдан-жылға азайып барады. Қазір облыс бойынша көзі тірі 37 соғыс ардагері және 5726 тыл ардагері ғана қалған. Бейбіт өмір үшін жан аямаған майдангерлерді құрметтеу - бүгінгі ұрпақтың парызы.

Сырбойлық  Әбдірауық Сатыбалдиев  соғыстың нағыз қызған шағында  қан майданның ортасынан бір-ақ шыққан бозбала еді,  9 сыныпты енді ғана бітірген кезі  болатын. Бірақ, бұғанасы бекімеген жас өрен от пен оқтан қаймыққан жоқ.  Ленинградты қорғауға қатысты, қанды қырғында басынан ауыр жарақат алып, пышаққа түссе де, ұрыс даласына барудан тартынбады. Воронеж, Балтық бойы, Эстония, Латвия мен Литваны  неміс басқыншыларының  құрсауынан босатты.  

Әбдірауық Сатыбалдиев, соғыс ардагері:

- Енді соғыс болмасын, бейбітшілік болсын.

Қарт жауынгер Бөрібай Құлманов қазір 98-де.  1941 жылы сұрапыл соғысқа аттанып, Москва түбіндегі Калининград шайқасында, одан кейін Ржев, Волга өзенінің бойында Петровка елді мекенін жаудан азат етуге қатысты. Майдан даласындағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.   

Ал, Патыма Әбдіреева ол кезде 11 жастағы бала еді. Өмірдің  нағыз қызықты кезін сезіне алмады, балалықтың балғын дәмін татпады, жастық шағында жалындап жанған жоқ.  Керісінше, жанкештілікпен еңбек етті, күні-түні тынбастан тер төкті. 

Патыма Әбдіреева, тыл ардагері:  

- Колхоздың ішінде болдық. Күріш отаймыз, бидай жинаймыз, орақ орамыз, кетпен шабамыз. Азаматтың бәрі соғысқа кеткен.

Екінші дүниежүзілік соғыс  әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Сондай жара бұл жандардың да жүрегінде бар. Сондықтан, қариялар  күндіз-түні  аспанның ашық, іргенің  берік болуын  тілейді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу