Алматылық жас келіншек операциядан кейін көз жұмған баласының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Балаға екіжақты шап жарығы диагнозы қойылып, операция қаладағы жеке клиникалардың бірінде жасалған. Бауыр еті баласынан айырылған ол енді әділдік іздеп, құзырлы органдарға арызданды.
2 жасар Миронның былдырлап тілі шығып, асыр сала бастаған кезі еді. Ол егіздің сыңары. Жас балаларда жиі кездесетін шап жарығы диагнозымен ауруханаға түскен. Күтпеген жерден баласынан айырылып қалған ананың сөзінше, бүлдіршіннің қазасына дәрігерлер кінәлі. Себебі, олар жұмысын дұрыс атқармаған.
Росина Павлова, қайтыс болған баланың анасы:
- Төрт апта ішінде дәрігерлер менің палатама бір рет те кірген жоқ. Мен олардан баламның жағдайына деген ешбір қызығушылықты байқамадым. Барлық кезде бәрін өзім сұрап біліп отырдым. Жансақтау бөлімінде де өзім кезекші болып, дәрігерлерді мазалаумен болдым.
Росинаның айтуынша, бала жеке клиникаға 27-наурызда түскен. Ал, операция 24-сәуірде жасалған. Операциядан кейін сәбиді анасының қолына әкеліп берген. Біраздан соң оның жағдайы нашарлап, өңі бозарған. Аузынан көбігі ағып, ауыр жағдайға түскен. Жанұшырған дәрігерлер баланы қайта жансақтау бөліміне жатқызған. Содан ана баласын көрмеген. Ал, 5 сағат өткенде ғана келіншектің анасы жансақтау бөлмесіне кіріп, Миронның көз жұмғанын естіген.
Наталья Шевригунова, қайтыс болған баланың әжесі:
- Ол сөйлеуді енді үйреніп, біраз сөздерді былдырлап айта бастап еді. «Әже, әже» деп перденің артына тығылып ойнайтын. Қарындаштардың да түстерін ажырата алатын.
Ал, операцияны жасаған дәрігерлер жауап беруден бас тартып отыр. Түсірілім тобын ішке кіргізбеді. Сондықтан, мән-жайды түсіндіру үшін клиниканың басшылығы емес, тек әкімгері сұхбат берді.
Қайрат Нұрланов, «Достармед» клиникасының әкімгері:
- Дәл қазір осы операцияны жүргізген дәрігерлер сұхбат бере алмайды. Олар арнайы құрылған комиссияның жасаған қорытындысынан кейін ғана өз пікірлерін білдіреді. Операцияның қалай өткенін өз басым білмеймін.
Комиссияның қорытындысы қашан шығатыны нақты белгісіз. Ал, сәбидің ата-анасы құзырлы органдар мен тәуелсіз сот-медициналық сараптамасына жүгініп, соның нәтижесін күтіп отыр.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ