Астана іргесінде ішетін суы, жағатын жарығы, жүретін жолы жоқ елді мекен бар. Қаражар деп аталады. Бас қаладан небары 10 шақты шақырым жерде орналасқан. Тұрғындары жылдар бойы шешімін таппаған әлеуметтік мәселелермен күресіп әбден шаршаған. Амалдары таусылып, Ұлттық арнадан көмек сұрауға мәжбүр болды.
Қаражарға кіреберістегі көріністің өзінен ауылдың жағдайын бірден аңғаруға болады. Айналаны жайлаған қоқыс, ит пен мысықтың өлексесінен тараған жағымсыз иіс елді мекеннің көркін қашырып тұр. Бұл ауылдағы сан алуан проблеманың бір парасы ғана.
Бас қаланың бүйірінде орналасса да мұнда жүретін жол да, жағатын жарық та жоқ, ішетін ауызсу да тапшы. Жаңбыр жауса жолдың барлығын су шайып, айнала батпаққа айналады. Адам түгілі биік көліктің өзі жолдан әрең өтеді.
Қайырбек Айтбаев, Қаражар ауылының тұрғыны:
- Бәрі осы жолмен жүреді. Көлігі жоқтар резеңке етікпен жүреді. Біз өткен ғасырда қалып қойған сияқтымыз.
Жарықтың жоқтығы да Қаражардағы жағдайды ушықтыра түседі. «Кеш батысымен ауылды қара түнек басады»,-дейді тұрғындар. Әсіресе, екінші ауысымда оқитын мектеп оқушыларына үйге қайту оңайға соқпайды. Ауыл көшелерінде ілініп тұрған электр сымдары жеке тұлғаларға тиесілі. Олар жарықты өзге тұрғындарға трансформатор арқылы сатып отыр.
Бақытжан Омар, тілші:
- Ауыл тұрғындары жарықты өткізген жеке тұлғаларға өтініш айтып, өз қалталарынан ақша төлеуге мәжбүр. Соның салдарынан өздеріңіз көріп тұрғандай, электр сымдары қалай болса солай жүргізілген, ал бағаналар құлауға жақын. Ал егер ол құлаған жағдайда, жанынан адам өтсе, арты қайғылы жағдайға алып келуі әбден мүмкін.
Алма Нұрахметқызы, Қаражар ауылының тұрғыны:
- Электр сымдарын көріп тұрсыздар. Бұл бізге, балаларға қауіпті. Қыста шаммен отырамыз. Жел соқса, сымдар желмен бірге жерге түседі.
Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, жергілікті әкімдікке кірдік. Айтуларынша, биыл жылдар бойы шешілмеген жарық мәселесі ретке келеді. Облыстық бюджеттен былтыр 280 миллион теңге бөлінген. Қомақты қаржы бастапқы жұмыстарға қажетті материалдарға кетті. Биыл тағы 260 миллион теңге бөлінбекші.
Мэлс Жұмабаев, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:
- Қазіргі таңда жұмыс басталды. Ол Қаражар ауылының екінші шағын ауданын қамтиды.
«Халықты таза ауызсумен қамту мәселесі де шешіліп келеді»,- дейді әкім. Биыл Қаражарға құбыр төсеу жұмыстары аяқталады. Астана қаласының әкімдігімен келіссөздер жүргізіліп, елорданың негізгі су құбырына қосылу мәселесі талқыланған. Жұмыстар ойдағыдай жүзеге асса, жыл соңына дейін Қаражар мен жақын маңдағы елді мекендер таза ауызсу қолданатын болады. Жол мәселесін де биыл ретке келтіру жоспарда бар. 10 шақырым жол салу үшін қазынадан қаржы да бөлінген. Құжаттар дайын болса, әкімдік тұрғындармен бірлесіп, жөнделетін көшелерді таңдайды.
Бақытжан ОМАР