Мәскеуде жапа шеккен студент Томирис Байсафаның ісі әлі қаралуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде жапа шеккен студент Томирис Байсафаның ісі әлі қаралуда

18.04.2018

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 4-ші қабатынан құлап кеткен Томирис Байсафаның жағдайы әлі ауыр. Осы оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Алайда, Томирис 4-ші қабаттан өзі құлап кетті ме, жоқ біреу қасақана итеріп жіберді ме, ол жағы белгісіз. Тек кейбір ақпарат көздері бұл іске Дағыстан Республикасында үлкен қызметте болған бұрынғы саясаткердің ұлының қатысы бар екенін айтып жатыр.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

-Мына менің артымдағы ғимарат – Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне қарасты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының оқу корпусы. Томирис Байсафа 13 сәуір күні тапа-тал түсте дәл осы ғимараттың 4-ші қабатынан құлаған. Қазір ол міне, 6 күннен бері Склифосовский атындағы жедел жәрдем ауруханасында, ес-түссіз жатыр. Ал жерлесімізге қаржылай көмек көрсету үшін Қазақстанда арнайы есепшот ашылған. Бұл туралы бізге Томиристің анасының құрбысы хабарлады.

Әйгерім Әшімова, Томиристің анасының құрбысы:

- Мен Томиристің анасы Жанна Ахметованың жақын досымын. Осыдан 5 күн бұрын біз Томириске көмектесу үшін арнайы есепшот аштық. Негізі Мәскеудегі барлық ем-домы, операциялары тегін жасалып жатыр. Бірақ, мен кейін жағдайы тұрақталған соң ары қарай да емделу үшін қаржы керек болар деп шештім. Есепшоттың барлық реквизиттері әлеуметтік желіде бар. Томиристің жағдайы тұрақты, бірақ ауыр. Дәрігерлер ешқандай болжам айтып отырған жоқ. Енді тезірек жазылып кетер деп үміттенеміз.

Оқу орнында болған оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Оның барысы туралы әзірге ешбір ресми ақпарат жоқ. Алайда, кейбір ресейлік басылымдар мен интернет-сайттардың хабарлауынша, бұл іске бұрын Дағыстан Республикасының Үкіметінде вице-премьер қызметін атқарған лауазымды саясаткердің баласының қатысы болуы мүмкін. Бейресми мәліметтер бойынша, оқыс оқиға болған күні күдіктіден тергеушілер жауап алған. Бұл - бейресми деректер. Ал, ресми түрде әзірге ешбір тарап,  яғни, тергеушілер де, дәрігерлер де, Томиристің ата-анасы да, бірге оқыған курстастары да қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр. 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ                   

Хабарламаларға жазылу