Әзірге тестілік режимде енгізілген құрылғымен көліктердің бір емес, төрт талапқа сай болуын тексеруге болады.
Германиядан әкелінген қондырғымен бір сәтте көліктен бөлінген газдың көлемі мен қозғалтқыш жұмысының ақауларын, тіпті, дөңгелектердің талапқа сай болуын да қарауға болады. Мамандар «бұл аппарат экологиялық тексеру жұмысын жеделтеді», - дейді. Биылдан бастап экологиялық бекеттердің жұмысын қалалық «Нұр Отан» партиясы өз бақылауына алмақ. Өйткені, мегаполистегі экология мәселесі аса маңызды шаруа болып отыр.
Андрей Моргунов, қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:
- Экологиялық бекеттер қаланың экологиялық фильтрі деуге болады. Өйткені, күн сайын Алматыға сырттан 300 мыңнан астам көлік кіріп-шығады. Олардың көбі ескі болғандықтан, экологиялық талаптарға сай емес. Сондықтан, оларды тексеру жұмысының сапасын көтеріп, бақылауды күшейтуіміз керек.
Амангелді СЕЙІТХАН