Қызылорда қаласындағы 206 жеке балабақшаның қызметкерлері 2017 жылдың қараша, желтоқсан айларының жалақысын ала алмай отыр. Еңбегінің адал ақысын талап еткен тәрбиешілер мен бала күтушілер барлық құзырлы орындардың табалдырығын тоздырды. Бірақ, ешкім нақты жауап берер емес.
Балабақша қызметкерлері қатты ашулы. Себебі, осыған дейін қалалық білім бөліміне бір емес, бірнеше мәрте барды. Бірақ, нәтиже жоқ. 2017 жылдың соңғы екі айының ақшасы қайда кеткенін әлі біле алмай жүр.
Бұл сұраққа тағы да ешкім жауап бермеді. Оларды қалалық білім бөлімі ғимаратына да кіргізбеді. Әділдік іздеп, үш ай сергелдеңге түскен балабақша қызметкерлері амал жоқ, ғимаратқа баса-көктеп енді.
Қалалық білім бөлімі басшысынан қалыптасқан жағдайға байланысты түсінік беруді сұрағанымызбен біз де мардымды жауап ала алмадық. Қатынас хат жаздық, соның нәтижесінде ғана жазбаша ақпарат берді. Онда жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары жеке кәсіпкер болғандықтан, олардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу білім бөлімінің құзырына кірмейтіндігі алға тартылған. Сондықтан, шағымданушылардың уәждерін негізсіз деп есептейді. Бұл мәселеден облыстық кәсіпкерлер палатасы да хабардар. Олардың айтуынша, проблема мемлекет тарапынан төленетін субсидияға байланысты туындаған. Есептің шала болуынан кредиторлық қарыз - 600 миллион теңгеге бір-ақ жеткен.
Қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылған 223 балаларға арналған тәрбие орны бар. Соның 206-сы жалақы қарызын төлей алмай отыр. Одан бөлек, салық, коммуналдық төлемдерге қатысты проблемалар туындауда. Сондықтан, мәселе шешілмесе жағдай шиеленісе беруі ғажап емес.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ