Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен ОҚО-ға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен ОҚО-ға барды

28.03.2018

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Президент тапсырмасы бойынша бүгін Оңтүстік Қазақстан облысына барды. Премьер-министр жұмыс сапары кезінде Елбасының бес әлеуметтік бастамасы, индустриалды-инновациялық даму, «Нұрлы жер», агроөнеркәсіп кешенін дамыту секілді мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысымен танысты. Түстіктегі бірқатар өндірістік нысандарды аралап, бизнес өкілдерімен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен, денсаулық сақтау, білім саласы қызметкерлерімен, студент жастармен және облыстың жұмыс активімен кездесті.

Оңтүстік - агроөнеркәсіптің дамуы жағынан әлеуетті өңір. Ел аумағындағы жылыжайдың 80 пайызы осы аймақтың еншісінде. Сондай-ақ, бау-бақша өсіру ісі де қарқын алып келеді. Үкімет басшысы шаруалармен кездесу кезінде аграрлық секторды жетілдіре түсу тетіктерін ақылдасты. Ел дамуына ерекше серпін беретін бұл салада да диқандардың алдында еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есе арттыру міндеті тұр.

Ергеш Тұрбеков, шаруа қожалығының төрағасы:

- Субсидияны екі маусымға беріп жатыр. Тыңайтқышқа да 50 пайызбен субсидия беріп жатыр. Бізде 1,5 мың гектар жылыжай бар, бірақ, ол әлі аз. Тағы 4-5 мың гектар болса, өз-өзімізді қамтимыз.

Бұдан кейін оқу орындарының басшылары өңір жастарымен өткен басқосуда білім сапасы, оған қолжетімділікті арттыру жайы да сөз болды. Бұл бағыттағы кейбір міндеттер қазір оңтүстікте сәтті жүзеге аса бастады. Мемлекеттік грант есебінен білім алатын шәкіртттер саны биылғы оқу жылында 35 пайыздан 65-ке көбеймек. ОҚМПУ жанынан екі мың шәкіртке арналған 20 қабатты жатақхананың құрылысын бастау жоспарланған. Сондай-ақ, университет ұстаздары үшін арнайы баспана да салынбақ. Бұл игі істің бәрі Елбасының «Бес бастамасы» аясында қолға алынып отыр.

Оңалбай Аяшев, ОҚМПУ ректоры:

- 2020 жылы докторанттар мен магистранттарға, жас ғалымдарға 3 гектар жерге үй саламыз.

Премьер министр аймақ дәрігерлерімен де жүздесті. Кездесуде негізінен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамыту жайы ортаға салынды. Сондай-ақ, саланы цифрландыруға қатысты медициналық ақпараттық жүйе жұмысы таныстырылды. 

Еркін Нұрмаханов, емхананың бөлім меңгерушісі:

- Жалпы, 22 портал бар. Солардың бәрімен интеграция жасалады. Бәрі бір базада денсаулық паспорты болып ашылады. Уақыт жоғалтпаймыз, құжат жоғалу деген болмайды.

Үкімет басшысы шаһардағы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой түзеп келе жатқан тұрғын үй алабына барып, құрылыс барысын көрді. «7-20-25» тапсырмасын орындау бойынша өңірдің әлеуеті сараланды. Сондай-ақ, индустриалды-инновациялық даму стратегиясын оңтайлы іске асырып, экономикалық көрсеткіштерін еселеген өңірдегі темір зауытының жұмысы да назардан тыс қалмады.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу