Бақытжан Сағынтаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды

25.04.2018

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Үкімет басшысы өңірдегі бірқатар өндіріс ошақтары мен әлеуметтік нысандарды аралап, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Президент :Жолдауында және Бес әлеуметтік бастамада айтылған ауқымды жұмыстардың орындалу барысын тексерді.

Үкімет басшысы жұмыс сапарын жезді өңірден бастады. Алдымен Сәтбаев қаласындағы макарон цехына келіп, жұмысшылармен жүздесті. Мұнда макарон өнімдерінің 10-нан астам түрі шығарылады. Кәсіпорынға мамандар жұмыспен қамту бөлімі арқылы тартылған.

Алена Алексеева, кәсіпорынның атқарушы директоры:

- Біз әзірге өнімді Сәтбаев, Жезқазған қалаларына саудаға шығарып жатырмыз. Келешекте облыс көлемінде тарату жоспарда бар. Ол үшін келіссөздер жүргізілуде.

Жалпы, Қарағанды облысында 80 мың бизнес нысандары жұмыс істеп тұр. Онда өңір халқының 33 пайызы еңбек етеді. Шағын кәсіпорындар жылына 1 триллион теңгенің өнімін өндіреді.

Үкімет басшысы Жезқазғандағы мыс қорыту зауытындағы жаңа жобаларымен танысты. Ақтоғай және Бозшакөл кен байыту фабрикаларының іске қосылуына байланысты мұндағы 2 кен-термикалық пеш жыл соңына дейін жаңғыртылмақ. Ал, 2021 жылға дейін мұнда жаңа күкірт қышқылын өндіретін  цех салынады.

«Сарыарқа» магистральды газ құбырының 820 шақырымы Қарағанды облысы арқылы өтеді. 5 ірі қала мен 119 елді мекен ауқымды жобаның  шарапатын көрмек. Бұдан соң Үкімет басшысы заманауи жабдықтармен жарақталған медицина орталығын көрді. Мемлекеттің қолдауымен ашылған сүт өнімдерін шығаратын цехтің оңтайлы  жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізді.

Әсия Ысқақова, кәсіпорын директоры:

- Біздің өнімдеріміздің таралу географиясы жыл санап ұлғайып келеді. Қазір Ресейдің бірнеше аймақтарына, еліміздің 11 қаласына және «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарына өнімімізді шығарып отырмыз.

Бақытжан Сағынтаев қарағандылық жастарды да ұмыт қалдырмады. Қазір облыс бойынша 5 мыңға жуық студент жатақханаға мұқтаж. Бұл мәселе алдағы бірер жылда шешімін таппақ. Енді техникалық білім алғысы келетін студенттерге мемлекеттік грант та көптеп бөлінбек. Үкімет басшысы Қарағандыда жуырда ғана ашылған аллергологиялық орталықта және «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында салынған бірқатар кәсіпорындарда болды.

Қазіргі күні өңірде кәсіпкерлікті қолдау картасы арқылы 84 жоба жүзеге асқан. Тек биылғы жылдың өзінде облыстағы ең ірі кәсіпорындар өндірісті цифрландыру үшін 111 миллиард теңге инвестиция құюды жоспарлап отыр. Премьер-министр сапарының соңында Қарағанды облысының активімен және кәсіпкерлермен кездесіп нақты тапсырмалар берді.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу